Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» МК БҚО бойынша филиал директоры Нәдір Құрымбаев мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісіне енгізілген жаңа сервистер жөнінде және 9 айда атқарылған істерді баяндады.
Фото дереккөзі: 24.kz
Оның айтуынша, филиалда 658 штаттық бірлік бар. Оның 31-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қазір ХҚО-ларда облыс бойынша 14 бос жұмыс орны бар. Қалалық тіркеу және жер кадастры бөліміне жерге орналастырушы бас маман және Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Бәйтерек, Казталов, Теректі аудандық бөлімдеріне мұрағатшы, жылжымайтын мүлікті тіркеу саласы бойынша тіркеуші мамандар, жерге орналастырушы мамандар қажет. Облыс бойынша мемлекеттік қызметтерді онлайн сипатта алушылардың қатары көбейіп келеді екен. Биылғы 9 айда халыққа қызмет көрсету орталықтарында 674 857 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның 287 348-інде (42%) тұрғындар өзіне-өзі қызмет көрсету секторын пайдаланған. Бұл – мемлекеттік қызметтерді ХҚО-ға келмей-ақ, eGov.kz порталы, egov mobile қосымшасы арқылы алып жатқан азаматтарды қоспағандағы көрсеткіш.
* * *
SMS-хабарлама арқылы 45 мемлекеттік қызметтің нәтижесін хабарлайтын жаңа сервис іске қосылды. Енді клиенттер ХҚО-да құжаттарын рәсімдеген соң, дайын құжатты SMS-хабарламаның сілтемесі арқылы жүктей алады. Құжатты қағазға басып шығаруға болады. Бұл жүйе клиенттердің уақытын едәуір үнемдейді.
* * *
Шетел азаматтары да ЖСН-ді SMS-хабарлама арқылы алады. Дайын құжатты алу үшін екінші рет ХҚО-ға бармайды. «1414» қызметі құжатты өтініште көрсетілген қазақстандық телефон нөміріне жібереді. Олар ЖСН-ді «ЦентрКредит Банктің» 9 бөлімшесінен де алады.
* * *
Орал қалалық №1 ХҚО бөлімінде қандастарға қызмет көрсететін арнайы терезе ашылды. Жыл басынан бері 215 адам сол арқылы қандас мәртебесіне өтініш тапсырған.
* * *
Қағаз түрінде берілетін құжаттарды жеткізіп беретін сервис жұмыс істейді. «Яндекс жеткізу» қызметімен бірлесіп, жеткізудің неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы, баламалы тәсілі іске қосылды. Клиентке express.gov4c.kz порталы арқылы дайын құжаттарды жеткізуді рәсімдеу үшін «1414»-тен SMS хабарлама түседі. Өтінімді рәсімдеу кезінде клиент сауалнама толтырып, мекенжайы мен телефонын көрсетуі қажет. Құжаттарды жеткізу үшін төлем жасауы тиіс. Курьердің жол қозғалысын қадағалап, онымен Яндекс GO мобильді қосымшасы арқылы хабарласа алады. Ал қосымша болмаса, жеткізілімді SMS-тегі сілтеме арқылы карта виджетімен бақылайды. Сервис 150 мемлекеттік қызмет бойынша құжаттарды жеткізіп береді. Олардың қатарында жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігі жоқ.
* * *
Аутокөлік иелері темір тұлпарларын eGov.kz порталы және Kaspi, halyq homebank мобильді қосымшалары арқылы қайта тіркей алады. Өткен 9 айда облыста аталған электрондық құралдар арқылы 14 мыңнан астам аутомобиль тіркелді.
* * *
Жүргізуші куәлігін ауыстыру процесі жеңілдетілді. Kaspi қосымшасы арқылы 5 минуттың ішінде өтініш тапсырып, 1 сағаттың ішінде мамандандырылған бөлімнен дайын жүргізуші куәлігін алуға болады.
Көлікті сатып алу және рәсімдеу кезінде әрбір азамат мемлекеттік нөмір алуға міндетті. Тоғыз айда облыста аутокөлік иелері (390 адам) «әдемі» нөмірлерге 110 миллион теңге жұмсаған. Клиент мамандандырылған бөлімде өзі қалаған нөмірге тапсырыс бере алады. Егер азамат көлігін сатса, VIP-нөмірді өз атында қалдыра алады. Тек оны мамандандырылған бөлімге уақытша тапсыруы керек. Қарапайым нөмірлік белгінің құны – 2,8 АЕК немесе 8 576 теңге. «Жоғары сұранысқа ие» нөмірлердің құны 174 591 теңгеден 872 955 теңгеге дейін.
* * *
Азаматтар эксаумақтық қағидат арқылы баланың тууы мен бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тіркелген мекенжайына қарамастан, елдегі кез келген ХҚО-да рәсімдей алады. Жеке куәлік пен төлқұжатты да осылай Қазақстандағы кез келген ХҚО-дан алуға болады. Сондай-ақ баланың тууына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны кaspi және halyq homebank мобильді қосымшалары арқылы да смартфонның көмегімен рәсімдейді. Банкке барудың, арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ. Наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамаларын аталған қосымшалар 1 минуттың ішінде береді.
* * *
Оралда жаңа ХҚО секторы ашылды. Орал қаласының тұрғындары жылжымайтын мүлікті С. Тюленин көшесі, 47/1 мекенжайындағы «QURYLYSDEVELOPMENT» ЖШС-ның сату кеңсесінде рәсімдей алады. Енді осы құрылыс компаниясынан пәтер сатып алған азаматтар компанияның сату кеңсесінде «Нотариалды куәландырылмаған мәміле жасау және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметін алады. Осылайша клиенттер уақыты мен қаражатын үнемдейді.
* * *
«Нотариалды куәландырылмаған мәміле жасау және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» мемлекет-тік қызметін нотариустарға жүгінбей-ақ, тікелей ХҚО-да алуға болады. Бұл қызмет үшін төлем бекітілген құн прейскурантына сәйкес төленеді. Бағасы азаматтар үшін әлдеқайда тиімді.
* * *
Жер иелерінің өтінімдері бойынша жер учаскелері қайтадан өлшенуде. Бұл іс-шара бұрын берілген сәйкестендіру құжаттарындағы мәліметтерді нақты параметрлермен сәйкестендіру үшін қажет. Әсіресе, 2010 жылға де-йін жерге ескі үлгідегі мемлекеттік акт алған тұрғындарға керек. Бұрын бұл жұмыс қолмен жүргізілсе, қазір 1 см дәлдікпен өлшейтін спутниктік геодезиялық аспаптар арқылы жасалады. Жер өлшеудің жеке тұрғын үй секторы үшін маңызы зор.
zhaikpress.kz