Президент өз Жолдауында суперпрезиденттік басқару жүйесінен түпкілікті бас тарту керектігін ерекше атап көрсетті. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іске асыруды да тапсырды. Бұл формула еліміздің саяси өмірін қаншалықты өзгерте алады деген мәселе көп талқыланып жатқаны да рас. Сөздің ашығын айтар болсақ, бұл өте маңызды. Мысалы, осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Рим империясының құлдырауын алтыншы император Коммодтың келуімен байланыстырады. Сондықтан бізге суперпрезиденттік республика керек емес. Мықты президенттік республика болса, ықпалды Парламент Президентті бақылайды. Бұл – болашақта болатын өте маңызды баланс.
Бұл қадам нақты бүгінгі қазақстандықтар үшін әсері болмаса да болашақ ұрпаққа, Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін болатын үшінші, төртінші, бесінші, жалпы болашақ президенттерге айтылған аманат секілді көрінеді. Өз басым «Ертең президент болып жатсаңдар, айналаға туыстарыңды тартпаңдар, туыстарыңа жоғары лауазымды қызмет бермеңдер. Суперпрезидент болмаңдар. Халықты ойлаңдар. Халықтың қытығына тимеңдер, халыққа зиян келтірмеңдер» деген сөз деп ұқтым. Одан бөлек, Конституциядан «Елбасы» және «Тұңғыш Президент» терминдері жойылады деген сөз де көпшіліктің талқысында болды. Бұл да – қолдауға тұрарлық жайт. Әрине, ел Тәуелсіздігінің бастауында тұрған Нұрсұлтан Әбішұлының еткен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол туралы талай айтылды. Талай мәрте сөз болды. Сондықтан бұл қадам ешқандай да тарихты жою емес, жаңа Қазақстанды құру дегенді білдіреді.
Бекболат Шканов,
кәсіпкер