Өткен жұма күні Орал қаласының әкімдігінде облыстық мәслихаттың қаржы, бюджет және аймақтарды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен мекеме-кәсіпорын басшылары «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заң жобасын талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануы тиіс» деген еді. Осы тапсырмаға сәйкес елімізде жаңа заң жобасы жан-жақты талқылануда. Жобада бұл заңның 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетіні жазылған.
– Заң жобасын, үкіметтік емес ұйымдар мен мекеме-кәсіпорын басшылары, сіздер де өздеріңіздің ұжымдарыңызда талқылаңыздар. Пікір-ұсыныстарды облыстық мәслихат төрағасының немесе облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы басшысының атына жазбаша түрде жолдайсыздар. Заң жобасына қатысты айтылған барлық ұсыныс, көтерілген мәселелер құзырлы құрылымдарға жеткізіледі. Заңның нақты, түсінікті әрі барлық тарапқа тиімді болуы үшін талқылауларға белсенді қатысқанымыз жөн, – деді аталмыш комиссияның төрағасы Ербол Салықов. Облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Бибігүл Ниетқалиева заң жобасы бойынша түсінік берді. Баяндамашы айтып өткендей, қазіргі қолданыстағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда 52 бап болса, жобада тек 25 бап бар.
– Заң жобасының басты мақсаты – мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіруге басымдық берілмек. Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік құрылымдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін кеңінен пайдалану арқылы бағалық емес өлшемшарттарды әзірлеу көзделген (бірінші несие бюросы, kompra.kz, Adat.kz және т.б.). Жобада сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру үшін тиісті рейтингке енгізілген әлеуетті өнім берушілер арасында сатып алулар өткізу ұсынылған. Яғни рейтингтер әртүрлі дерек арқылы құрылады (қаржылық есеп беру, несие тарихы, сенімділік, бедел, сот тарихы және т.б.). Бұл сатып алудың барлық түрі үшін баға мен сапа өлшемшарттарының үйлесімі бар жеткізушілерді автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді. Сатып алу сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі – тапсырыс берушінің шарттың дұрыс орындалуын бақылауы. Осыған байланысты, әсіресе құрылысқа байланысты жұмыстарға қоғамдық бақылауды, сондай-ақ қоғамдық кеңестерді (жұмыс кестелеріне, келісімшарттардың орындалуы туралы есептерге, оның ішінде фото/бейнежазбаларға) тарту ұсынылып отыр. Сатып алу рәсімдерін жеңілдету, сатып алу үрдісін толық автоматтандыру, конкурстық және аукциондық комиссиялардың сатып алуға қатысуын қысқарту мақсатында негіздемелік келісімдерді пайдаланып, конкурс пен электронды дүкенді одан әрі дамыту қарастырылған, – деді Бибігүл Әбдіғалиқызы. Басқарма басшысы мемлекеттік сатып алудың қағидаларына да тоқталды.
Комиссия отырысына қатысушылар заң жобасындағы 11-бапқа (конкурстық (аукциондық) құжаттаманың, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпараттың талаптары), 13-бапқа (бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру), конкурстық сатып алу кезінде өзге өңір кәсіпорын-компанияларының жеңімпаз болатынына қатысты және басқа да мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»