3.02.2026, 10:30
Оқылды: 13

Жайық аренасында жас жеңіл атлеттер бақ сынады

Жайық Арена спорт кешенінде жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты өтті. Екі күнге созылған жарысқа 2011–2012 және 2013 жылы туған 130-ға жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

IMG_1060
Бәсекенің ашылу салтанатында ұйымдастырушылар ел чемпиондары Бейбарыс Ізғали мен Мұрат Жеңісті арнайы марапаттап, спортшыларға құрмет көрсетті.
Жеңіл атлетика жаттықтырушысы Нұрлыхан Бекежанның айтуынша, бұл жарыс жергілікті спортшылардың шеберлігін шыңдауға және болашақ чемпиондарды іріктеуге зор мүмкіндік береді.
– Облыс чемпионатына қала мектептерімен қатар Казталов және Тасқала аудандарынан келген спортшылар қатысты. Алдағы уақытта қатысушылар саны артады деп сенеміз. Осы жарыста топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасынан іріктеу жүргізіп, үздіктерді ел чемпионатына жолдаймыз, – деді ол.
Жарыс бағдарламасына 60, 200, 400, 800, 1500 және 3000 метрге жүгіру, кедергі арқылы жүгіру, ұзындыққа секіру сынды сайыстар енгізілді.
Нәтижесінде 60 метрге жүгіруде ұлдар арасында Влад Чукалин, қыздар арасында Эвелина Найденова жеңімпаз атанды. 200 метр қашықтықта Ярослав Ильев пен Софья Бренинг топ жарды. 400 метрге жүгіруде ұлдар арасында Данил Лялин, қыздар арасында Дарина Таухаева бірінші орынды иеленді.

IMG_1035
800 метрге жүгіруде Вадим Хивинцев пен Дарина Таухаева үздік шықса, ұзындыққа секіруден Влад Чукалин мен Софья Бренинг жеңіске жетті. 1500 метр кедергі арқылы жүгіруде ұлдар арасында казталовтық Нұржан Сержан, қыздар арасында Яна Тлеккабулова оза шапты. Ал 1500 метрге жүгіруден Вадим Хивинцев пен Малика Жұмашева жеңімпаз атанды. 3000 метр қашықтықта да Нұржан Сержан мен Яна Тлеккабулова мәреге бірінші болып жетті.

IMG_1040 (1)
Облыс чемпионаты командалық эстафетамен қорытындыланды. 200х4 және 400х4 метрлік аралас эстафетада №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жеңіске жетті.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале