Ақ Жайық – өзен-көлге бай өңір. Үш үлкен трансшекаралық өзен, су жайылымдары, су арналары бар. Бірақ кеңестік заманнан бергі уақыт ішінде су жүйелері ескіріп, арналардың техникалық құрылыстары тозып, табандарын құм, қамыс-қоға басты. Жыл санап су тұтыну мөлшері өсіп, судың бағасы алтыннан да қымбат болатын кез келмек. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында осындай өзекті мәселелер көтерілді. «Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі.
Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін», – деген ел Президенті жаһандық деңгейде су ресурсы тапшылығы туындайтынын қаперімізге салды. Жалпы елімізге су үнемдейтін жаңа технологиялар, жалпы су саясаты керек.
- Ауыл-аудандардағы халықтың күнкөрісі малға байлаулы. Төрт түлікті өсіруге жайылым керек екені сөзсіз. Жайылым болған күннің өзінде оны сумен қамтамасыз ету де үлкен мәселе. Сусыз мал ұстау оңай емес. Кей жерлерде су көзі болғанымен, тұтынуға жарамсыз, ащы. Ал кейбір мекенде су тапшы. Мысалға, Казталов ауданындағы біраз елді мекенде тұщы су мүлдем жоқ. Соның бірі Аққурай деп аталатын жерде су қоры бар болғанымен, өте ащы. Сол себептен оны адам да тұтынбайды, мал да ішпейді. Осыған орай Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми жобасының негізінде нақ осы мәселені зерттеп, ізденудеміз. Үш жылдық ғылыми жұмыстарымыздың қорытындылары, шешімдеріміз бен дайында-ған құрылыс жобаларымыз бар. Соның бірі – «Жайылымдарды суландыруға арналған модульдік контур» деп аталады, – деді аталмыш университеттің доценті, техника ғылымдарының кандидаты, жоба жетекшісі Марат Оңаев.
Оралдық ғалымдар тобы үлгі-өнертабысты патенттеп, жобаны Аққурай елді мекеніндегі «Әлім» шаруа қожалығында іске қосты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, көктемгі қарғын суды жинап, оны құмға сіңіріп, жоғалтып алмау мәселесі шешілуге тиіс. Жоба да осы ұстанымды темірқазық етіп алған.
«Шаруашылық қоныстанған маңайдағы ойпат жерлерге көктемгі еріген қар суы аз болса да жиналады. Бірақ сол жиналған шалшық су маусым, шілде айларына дейін жетпей, құрғап қалады. Сондықтан біз суды жинап, оны буланудан және жерге сіңіп кетуден сақтайтын арнайы құрылыс салдық. Былтыр салынған құрылыста биыл 1,5 текше метр су жиналды. Осы су 7 ай бойы 100 бас ірі қара малды суаруға жетеді. Жиналатын су көлемін құрылыстың ұзындығы мен тереңдігін өзгерту арқылы көбейтуге болады», – деді ғалым.
Бұрындары елді мекендердің маңынан көбіктер қазып, оларға каналдардан су құйып, малды көбікке еркін жіберетін. Ондайда антисанитариялық жағдай өз алдына, су жерге сіңіп кететін әрі буланатын. Мал арасында аурулар пайда болатыны да жасырын емес. «Құрылысты қалай салдық десек, алдымен ойпаң жерден арнайы техникамен су жинайтын орын дайындалды. Шұңқырдың табанына пленка төселді. Нысанның төбе шатыры орнатылды, жан-жағы қоршалды. Шаруа қожалығындағы малды суару үшін суды жиналған орнынан сорғы көмегімен құбыр арқылы 2-3 шақырымдағы арнайы мал суатына жібереміз. Салынған модульдік контур құрылысының қасынан құдық та қазып қойдық. Не үшін десек, құдықтан су алып, оны құрылыс нысанына жиналған суға қосымша қосуға болады. Су ащы болғандықтан тұщы суға қосқан соң, малға ішуге жарамды болмақ. Жаз кезінде екі-үш күндік қатты нөсер жауатыны бар. Сол кезде де құрылысқа қосымша су жиналады», – деп түсіндірді құрылыс жайын Марат Қайырлыұлы.
Модульді контур жобасының құны 10-15 млн теңге шамасында. Әр шаруашылық өзінің қаржылық мүмкіндігіне модульді контур, су жинайтын құрылысты жасай алады. Ғалым бұл жобаны жасақтап, іске қосу арқылы оның өміршеңдігін, мүмкін-дігін дәлелдеді. «Әлім» шаруашылығының жетекшісі Артур Есмұханов жобаны жүзеге асыруға жайылым жерінен орын берді. Жер қазуға техникасымен көмектесті. Шаруа адамы жаңашылдыққа ұмтылып, жайылымды суарудың тың әдісіне ден қойып отыр. Бір кездері су тапшылығынан қатты қиналған кезінде шаруагер қолын бір сілтеп, мал өсіруді тастап кетпек те болған көрінеді. Енді мәселе шешіліп, шаруа қожалығындағылардың көңілдері бірленгендей.
Жақында өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбековтың ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен өткен кездесуде Марат Оңаев аталмыш жобаның тұсаукесерін жасады. Мал өсірумен айналысатын шаруашылық басшылары тарапынан жобаға қатысты сұрақтар аз болмады. Өз кезегінде партия өкілі Т. Рахымбеков мұндай жобаны республика көлемінде насихаттау керек екендігін айтып, қолдайтынын білдірді. Жайылымды суландыруды көздейтін мұндай жобаның өңірімізде де тезірек іске қосылғаны дұрыс.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»