19.08.2026, 12:00
Оқылды: 12

Жаңа ботаникалық бақ

Орал қаласында Ботаникалық бақ күнделікті келушілер үшін есігін айқара ашты.  Баққа арнайы ат басын бұрып келгендер аз болмады. 

DSC00455.JPG

Қала іргесіндегі С. Исаев атындағы халықаралық экспериментальды коллекциялық тәлімбақтың директоры, белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтың көп арманының бірі ботаникалық бақ ашу болған.

– Ботаникалық бақ тек қыдыратын алаң емес. Оның саябақтан ерекшелігі – ғылыми мекеме әрі ашық аспан астындағы музей. Мұндағы әр өсімдіктің құжаты бар. Оның қайдан әкелінгені, қалай өскені жазылады. Әрқайсысы ғылыми тұрғыда зерттеледі. Бүгінде әлемде климаттың өзгеруіне байланысты өсімдіктер интродукциясы болып жатыр. Яғни бұрын бұл аймақта өспеген жаңа өсімдік түрлерін әкеліп, жаңа топырақ жағдайына жерсіндіреміз, – деген бағбан бақтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Аумағы тоғыз гектардай бақта шетен, жөке, үйеңкі, емен, қайың, қарағайдың түрлі ерекше жиынтығы егілген. Болашақта мұнда 10 мың түп сирек кездесетін ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Гүлдердің неше түрі құлпырып тұр. Бақтың бас агрономы Роза Өмірзақованың айтуынша, мұнда мамыргүлдің әлемдегі  ірі коллекциясы бар. Ол болашақта жаңа сорттарын шығаруға негіз болмақ. Әзірше мұндай топтама Қазақстанның өзге аймақтарында жоқ. Бағбандар мұнда жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдарымен түрлі ғылыми  жұмыс  жүргізеді.

DSC00447.JPG

– Жәңгір хан атындағы БҚАТУ басшылығына разымыз. Себебі жыл сайын студенттер осы жерде тәжірибеден өтеді. Бағбандықтың қыр-сырына қанығып, еңбектің де дәмін татады. Әлемдік тәжірибеде ботаникалық бақтар ақылы қызмет көрсетеді. Мен өзімнің барлық тапқан-таянғанымды осы жерге жұмсаймын. Уақытымның бәрі, яғни өмірім осы жерде өтіп жатыр. Болашақта жастармен, волонтерлермен жұмыс істеу жоспарымызда бар, – деді  Қайрат  Кәрімов.

Есенжанов және Шолохов көшелерінің қиылысында орналасқан ботаникалық бақты абаттандыру әлі жалғасып жатыр. Бүгінде мұнда келушілерге арналған орталық, жылыжай, гүл-ағаштарды суаратын тоған салынған. Ботаникалық бақ оралдықтар мен шаһар қонақтары сейілдейтін, бос уақытын табиғат аясында тиімді өткізетін жаңа демалыс орнына айналмақ.

Есенбек МУСИН, зейнеткер, Орал қаласы:

– Ботаникалық бақтың ашылатынын естіп арнайы келдім. Бағбанның жұмысына сәттілік тілеймін. Өсімдікті күтіп-баптау, өсіру оңай емес. Әрі мұнда ғылыми жұмыс жүргізіледі. Бұл бақ қала тұрғындары тынығатын керемет демалыс орнына айналғай. Мен үйімнің ауласында көптен бері бау-бақша баптап жүрмін. Алма, алмұрт ағаштары мен жидектер өсіремін. Қайратпен бағбандық жөнінде кеңесіп, пікір алмастық.

Асылзада ЖҰМАҒАЛИЕВА, қала тұрғыны:

– Бұл бақтың ашылатынын естіп, отбасымызбен келдік. Ботаникалық бақ жастардың биологиялық, экологиялық білімін арттыруға көмектеседі деп ойлаймын. Себебі шаһарда ойын-сауық орталықтары жеткілікті. Ал мұндай ғылым-білімге, мәдениетке бастайтын орындар тапшы. Мысалы, балалардың миы жабық орындарда, неон түстер арасында ойнағанға қарағанда, табиғат аясында жүргенде жақсы тынығады. Сондықтан бақтың ашылғанына  қуаныштымын.

Нәзипа НӘСІПКЕРЕЕВА, Орал қаласының тұрғыны:

– Мені бұл жерге балаларым алып келді. Тыныш, жанға жайлы мекен екен. Табиғат аясында жақсы тынығып қалдық. Бақ көркейіп, жасыл желегі жайқала берсін деп тілеймін. Келесі жылы бұдан да әсем, әдемі болады деп ойлаймын. Шаһардың жасыл інжуі атануына тілекшімін. Мұның бәрі халықтың игілігі мен өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыс деп білемін.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале