23.09.2024, 10:15
Оқылды: 248

Жәңгір хан университетінде ғалымдар бас қосты

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде BR21881871 «Қазақстан Республикасының мал азықтық алқаптарында толыққанды жем-шөп өндіру технологиясын әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады БҚАТУ медиа орталығы.

2C58A94B-6B38-4825-B086-614BC477C204

Аталмыш ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша Жәңгір хан университеті өткен жылы еліміздегі Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруына ие болған еді. Бағдарламаның тақырып ауқымы Қазақстан бойынша зерделеуді қажет ететіндіктен жұмыс тобына еліміздің өзге өңірлерінен басқа да қоса орындаушылар тартылған. 

Үйлестіру кеңесінің отырысында алдымен сөз алған университетіміздегі Ғылым басқармасының басшысы Индира Бейшова ғылыми-техникалық бағдарламаның маңызына тоқталып, ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан әрі мақсатты қаржыландыру бағдарламасын орындауға екінші жыл қатарынан атсалысып жүрген жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, ауылшаруашылығы тәжірибе стансаларының ғалымдары жыл басынан бері жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті.

Сонымен қатар ортақ мәселелерді талқылап, алдағы жылдың жоспарын жасақтады.

BA67C4AD-6ECE-4EA4-A372-7749D872A8E6

Белгілі болғанындай, еліміздегі мал азықтық алқаптарда құнарлы, төрт түліктің бабын келістіретін жөм-шөп өндіру технологиясын әзірлеуге бағытталған бағдарлама бойынша жалпы саны сексеннен астам ғалым жұмыстануда. Сонынмен қатар болашақ кадрларды үйрету, жас мамандар даярлау мақсатында екі докторант, жеті магистрант, жеті студент тартылған. Бұл туралы ғылыми-техникалық бағдарламаның ғылыми жетекшісі ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бейбіт Нәсиев мәлімдеді.

– Жалпы Қазақстан – мал шаруашылығы мен аграрлық бағыттағы ел болғандықтан, соңғы жылдары осы салаларды дамытуға басымдық берілуде. Ал мал шаруашылығын дамытудың ең басты көзі – толыққанды жем-шөп даярлау. Соңғы жылдардағы зерттеулер мен тәжірибе көрсеткендей, малдың жемі көп жағдайда құнарлы емес. Соған байланысты малдың өнімділігі, оларды түрлі аурулардан сақтау жағы кемшін түсуде. Құнарлы жем-шөппен қоректенген мал қоң жинап, ауруға төзімді келеді. Осы бағытта ғалымдардың басты жұмыстарының бірі – мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерді құнарлы мал азығымен тұрақты қамтамасыз ету. Осы бағытта біздің университетімізде 2018 жылдан бері жайылымдар, мал азықтық танаптарда құнарлы мал азығын өндіру бойынша көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді, – деген ғалым өткен жылдан бері орындалып жатқан мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралардан хабардар етті.

Нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірлерінде ғылыми зерттеулер жасалған. Айтуынша, зерттеулер фермерлік шаруашылықтың танаптарында өндіріске енгізіледі, сосын басқа шаруашылықтарда тираждау болады.

Ғалымдардың өздерінің арнайы әдістемесі бойынша зерттеулер бірінші жылы сол шаруашылықтарға бағытталады, далалық тәжірибелер жүргізіледі, соның қорытындысы бойынша өндіріске енгізіледі. Бағдарлама аясында үш мәрте «Егіс күні», бес рет дөңгелек үстел өткізілген. Бұлардан бөлек ғалымдар халықаралық конференцияларда баяндамалар жасап, мақалалары университет журналында және Scopus базасына енетін халықаралық басылымдарда жарияланған.

Жаз мезгілінде аталған мекемелерге барып жұмыстардың талапқа сәйкестігі, мамандардың біліктілігі бойынша мониторинг жұмыстары ұйымдастырылған. Ғылым комитеті тарапынан болған тексеріс нәтижесі де ойдағыдай. Ал келер жылы бағдарлама өз мәресіне жетеді. Қоса орындаушы мекемелер өз тараптарынан жобаны коммерциаландыруға ұсынып, өндіріске енгізуге қадам жасайды.

Жалпы Жәңгір хан университетінде аталмыш министрліктің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар өте көп.

«Мұның барлығы – университет басшылығының ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруға көрсетіп отырған қамқорлығының жемісі», - дейді ғалымдар.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале