Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да 3 жаңа нысан ашылды. Электронды қызмет залы, спорт кешені мен коворкингтің салтанатты ашылу рәсіміне облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Электронды қызмет залы оқытушылар мен студенттерге оқу ордасынан алыстамай-ақ мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға мүмкіндік береді. Электронды қызмет залынан ҚР электронды үкіметінің «egov.kz» порталы арқылы мемлекеттік қызметтің алпыс түрін пайдалануға болса, телеграм, вконтакте желілерінде мемлекеттік қызметтің 25 түрі көрсетіледі. Университет ректоры Асқар Наметов:
«Электронды қызмет залы цифрландыруды оқытушылар мен студенттер арасында қолданысқа енгізіп қана қоймай, олардың уақытын да үнемдейді», - дейді.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша университет қызметкерлерінің цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арнайы курс өткізіп, сертификат табыстады.
Жәңгір атындағы ЖОО-ның ілікімді істерінің бірі – дене шынықтыру пәнінің дәстүрлі сабақ үлгісінен клубтық жүйеге ауысуы. Білім ордасында студенттердің қызығушылығы мен таңдауына сәйкес 18 спорт секциясы жұмыс жасайды.
Жаңадан ашылған «Сұңқар» спорт клубында тоғызқұмалақ, шахмат сынды зияткерлік ойындар, үстел теннисі, фитнес, атлетикалық жаттығу, қазақша күрес және дзюдоға арналып жабдықталған бірнеше спорт залы бар.
Бұл жерде студенттер спорттық шеберлігін шыңдап, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға дайындалады. БҚАТУ-да білім алумен қатар спортпен шұғылданып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеген – Наргиз Иргусаева. Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының студенті– спорттық бағдарлау бойынша Қазақстанның 14 дүркін чемпионы.
Енді жәңгірхандық студенттердің басқосып, пікір алмасатын өз коворкинг орталығы бар. Ақпараттық білім беру орталығының жанынан құрылған еркін алаң студенттерге түрлі жобалармен жұмыс жасап, қоғамдық өмірге белсене араласуға, шығармашылықты дамытып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тегін wi-fi орнатылған коворкингта тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізетін көпшілік орынмен жеке, топпен жұмыстануға арналған 3 бөлімнен тұрады. «Жәңгір хан ұрпақтары» еріктілер қозғалысының жетекшісі, студент Әсемгүл Кенжеғалиева:
«Коворкинг орталығы – студеттердің жеке аймағы. Бұл жер жастардың креативті идеяларын бірігіп талдап, өзара тәжірибе алмасатын, бағыт-бағдар беретін алдыңғы буын өкілдерімен кездесу шараларын өткізетін орынға айналады. Белсенді орта қалыптастырып, ұйымшылдық пен достықты нығайтады», - деп университет студенттерін коворкингке шақырды.
Жайнагүл Сағидоллақызы
Жәңгір хан атындағы
БҚАТУ-дың медиа орталығының маманы