15.07.2026, 16:15
Оқылды: 8

Жас маманға жол ашқан жәрмеңке

Өткен аптада қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Еңбек ету құқығы – жарқын болашақ кепілі» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Жастар рухы» Жастар қанатының облыстық филиалы ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2026-07-12 at 22.53.24 (1)
Ресурс орталығының мониторинг және ақпараттық талдау бөлі-мінің басшысы Ділнәз Құсайынова жәрмеңкенің ұйымдастырылу мақсатын айтып өтті.
– Жыл сайын дәстүрлі өтіп тұратын жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс іздеушілер мен ұсынушылар арасына дәнекер болып, өңірдегі жұмыссыздықтың үлесін азайту. Іс-шараның өтетінін осыдан он күн бұрын әлеуметтік парақшаларымызға жария еттік. Шаһардағы бос жұмыс орындарды Мансап орталығымен бірлесе отырып анықтап, мекемелерге ресми хат жолдадық. Жәрмеңкеге 30-дан астам мекеме өкілдері қатысып отыр. Атап өтсек, мемлекеттік мекемелер, өндірістік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері бар, – деді бөлім басшысы.
Жәрмеңкеге облыстық денсаулық сақтау, білім басқармалары, төтенше жағдайлар, полиция, қорғаныс істері департаменттері, мемлекеттік қызмет істері агенттігі секілді мемлекеттік мекемелер атсалысты. Сонымен қатар «Sauda Market» ЖШС, «Зұлқарнай» ЖШС, «Уралводпроект» ЖШС, «Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды аблитациялау және оңалту орталығынан қатысты.
– Қазір мүмкіндігі шектеулі жандардан қайтарымсыз қаржылай қолдау бағдарламасына өтініштер қабылдап жатырмыз. Жеке кәсібін бастаймын деген адамға 1,7 млн теңгеге дейін грант қарастырылған. Ол үшін алдын-ала өтініш беріп, бизнес жоспарын ұсына алады. Сондай-ақ физикалық күшті қажет етпейтін, қоғамдық жұмысқа белсене араласатын түрлі мамандық бар, – деді Орал қалалық Мансап орталығының маманы Әйгерім Досмұханбет. Жұмыс іздеушіге қойылатын талап әр мекеменің қызметіне байланысты әртүрлі. Бірақ бәріне ортақ – орта арнаулы және жоғары білімі бар маман болуы керек.
– Қазір еліміз бойынша баспана мәселесі бірінші орында. Соңғы уақытта қалаға көшіп келетін адам саны күрт өскені болуы керек, тұрғын үйге деген сұраныс өте жоғары. Сол себепті халықтың үй-жай мәселесін тиімді жолмен шешу үшін Отбасы банкіне кеңесшілер қажет. Жұмыс іздеген адамға қойылатын талап қазақ және орыс тілін еркін меңгеріп, жоғары оқу ордасын бітіргені туралы дипломы болса жеткілікті. Жұмыс тәжірибесі маңызды емес. Кеңесші мамандығының тиімді тұсы – еркін жұмыс кестесі. Яғни өзі-ңіздің тұрақты қызметіңізден бөлек табыс тауып, адамдарға көмектескіңіз келсе, Отбасы банкіне жұмысқа орналасуға болады, – деді «Отбасы банк» АҚ БҚО филиал кеңесшісі Алтыншаш Берікқалиева.
Жұмыс іздеушілердің дені – биыл оқу бітірген жастар. Олар жәрмеңкеге келіп, мамандығы бойынша жұмыс табуға үмітті.
– Жақында БҚАТУ-ды ақпараттық жүйелер мен технологиялар мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алып шықтым. Орал қаласынан жұмыс іздеп едім, таба алмадым. Өйткені мекемелердің дені жұмыс өтілі жоқ жас маманды қызметке қабылдағысы келмейді. Бүгінгі жәрмеңкеде кейбір мекемелерге түйіндемемді қалдырып кеттім. Хабарласады деген үміттемін, – деді жас маман Асқарәлі Әжігерей.

1ж
Орал қалалық білім беру бөлімінің кадр маманы Сая Тасымғалиева тамыз айында Ұлттық білім беру базасы мен Enbek.kz сайтында бос жұмыс орындары туралы конкурс жариялайтынын айтты.
Жұмыс іздеуші аталған сайттарға тіркеліп, мамандығы бойынша құжат тапсыруға болатынын ескертті.
– Қазір өңіріміздегі білім ошақтарында математика, тарих, информатика, физика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, логопед секілді мамандар тапшы. Орташа үлгерім балы (GPA) 3.33-тен жоғары түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі зор. Жәрмеңкеде жиналған түйіндемені Мансап орталығына тапсырамыз, – деді кадр маманы.
Орал қалалық полиция басқармасының Абай полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ердәулет Бисенғалиев полиция департаментіне жастарды жұмысқа тарту үшін жәрмеңкеге қатысып отыр.
– Бізге арнаулы орта және жоғары білімді, 18-35 жас аралығындағы офицерлер қажет. Оларға қойылатын басты талап ер адамдардың бойы 1.70 см-ден жоғары болуы, ал қыз-келіншектердің бойы 1.60 сантиметрден кем болмауы керек. Педагогикалық білімі, заңгер-құқықтану мамандығы бойынша дипломы болса, әскери билет міндетті емес. Жәрмеңкеде тү-йіндемесін алып қалған мамандарға дүйсенбіде хабарласып, дәрігерлік комиссиядан өткізіп, іріктейміз, – деді Ердәулет Өтегенұлы.
Х. Қапанов атындағы Орал «Халықаралық гимназиясы» ЖШС менеджері Ақмақта Қалауова білім ұясына бастауыш сынып мұғалімі, тәрбиешінің көмекшісі, хореограф керек екенін тілге тиек етті.
– Мұндай жәрмеңкеге жыл сайын қатысамыз. Өйткені жәрмеңкеге жұмысқа нағыз мұқтаж мамандар келеді. Жастарды жұмысқа тартып, олардың таңдаған саласында тәжірибесі болмаса да, қызметке орналасуына мүмкіндік береміз. Түйіндемесін алып қалған адамдарды мекеменің талаптарына сай іріктейміз. Қазір цифрлық технологияның дәуірі. Сол себепті дипломмен қатар цифрлық технологияны меңгергені туралы сертификат та болғаны жақсы, – деді менеджер маман.
Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарын ұсынғандардың арасында «Саяхат групп» туристік агенттігінің басшысы болды. Агенттік директоры Александра Нұрғалиеваның сөзінше, ол кәсібін кеңейтіп, штатқа жастарды қабылдауға ниетті екен. Жұмыс іздеушіге қойылатын негізгі талап – қазақ және орыс тілдерін жетік меңгеріп, туризм саласы бойынша дипломы болса жеткілікті екенін айтып өтті.
Жәрмеңкенің соңына қарай жұмыс іздеушілермен сұхбаттасқан кезде нобайы түйіндемелерін тастап, әңгімелесуге шақырту алғанын баса айтты.
Ботакөз Сәбитқызы,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале