Оралдағы «Дарын» қосымша білім орталығында мектеп директорларына арналған «Өсу векторы» жазғы мектебі ұйымдастырылды. Үш күнге созылған мектеп директорларының басын қосқан жазғы мектептің әсерлі сәттерге толы болғаны ұстаздар жүзінен-ақ айқын аңғарылады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы келді.
- Жаңа заман балаларын тәрбиелейтін мұғалім жаһандық бәсекелестікке қабілетті болуы керек. Осы заманның мұғалімі оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, сол білімді пайдаға асыра білудің әдіс-тәсілдерін де үйретуі қажет. Күн сайын қарыштап дамып жатқан заманда мұғалімге қойылатын талап өте жоғары. Қазір таңдаған мамандығына балы жетпей, амалсыз мұғалім мамандығын таңдайтындардың қатары көбейіп кетті. Бұл да мұғалімдердің беделіне әсер етеді. Сондықтан да, елімізде мұғалімдердің жалақысын көбейтіп, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытында көптеген жұмыстар жасалуда, – деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы мұғалім мамандығына қатысты өмірден түйген ойларымен бөлісіп, шәкірт тәрбиесі, сыбайлас жемқорлық туралы пікірін айтты.
Демалып, әрі оқып, өз-өздерін дамытқан «Өсу векторы» жобасына 100 мектеп басшысы қатысқан. Әдістемелік қоржындарын әдемі әсер мен өздері үшін құнды қазынаға толтырған мектеп басшылары сипаты бөлек жобаны ұйымдастырушыларға дән риза. Алда күзгі, қысқы мектептер өз жұмысын жалғастырмақ.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
Фото facebook желісінен