25.04.2023, 10:30
Оқылды: 81

«Жерұйық» деген атау жарасып тұр емес пе?

Орал қаласының солтүстік-шығысында Трекин деген ауыл бар. Облыс орталығынан қозы көш жерде орналасқан бұл жердің атауын өзгерту мәселесі көпте бері көтерiлiп келеді. Десек те, әлі күнге нақты шешім жоқ. 

трекин

...2002 жылы жарық көрген Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында берілген сипаттамада:

«Трекин – Зеленов ауданындағы село, әкімшілік округ орталығы. Аудан орталығы Перметное селосынан шығысқа қарай 56 шақырым жерде, Ескі қыстау (Старое зимовье) көлінің солтүстік жағалауында орналасқан» деген жолдарды оқыдық. Жергілікті тарихшы Сара Мұхамбетованың дерегінше, мұнда ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін, яғни казактар келгенше малшылар, бақташылар өмір сүрген. Ал енді ауыл тарихын зерттеумен айналысып жүрген Трекин орта мектебі директорының орынбасары Наталья Кучкинаның айтуынша, Жайық өзені жағалауында Яганьков, Котов сынды атауларды иеленген қыстаулар болған. Солардың арасында Ескі қыстау (Старое зимовье) да бар. Ауыл маңындағы суат әлі солай аталады. Жайық өзенінің суы тасыған кезде осы қыстақтар жиі су астында қалғандықтан, мұндағы тұрғындар қауіпсіз орынға көшкен. Бұл – қазіргі Трекин ауылының  орны.

– Қазіргі Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектепке 2010 жылы директор болып келгенімде білім ұясы Трекин қазақ орта мектебі деп аталатын. Өзім тарихшы болғандықтан, мұның мағынасына қызығушылығым оянғаны рас. Содан байырғы тұрғындармен сөйлесу кезінде бұған себеп болған екі түрлі нұсқа естідік. Біріншісі Трекин деген диірменшінің тегі болса, екіншісі «трекать» деген етістіктен тараған сөз. Яғни «трекать» сөзі орыстың түсіндірме сөздігінде қатты, дабырлап сөйлесу, айқайлау дегенді білдіретіні жазылыпты. Бұл шындыққа жанасады, Трекинде үлкен базар ұйымдастырылып тұрған. Сол кезде славян тектес ұлттар «Кто там трекается?» дегенді жиі айтқан екен. Енді диірменші Трекиннің осы елге еңбегі сіңсе, оны халық білуі керек қой, ондай деректі кездестірмедік. «Трекаться» дегеннен шыққан болса, мән-мағынасы жоқ ондай атау кімге керек?!

Енді мектебіміздің атауын өзгерту 2012 жылы басталғанымен, сол кездегі ономастика саласындағы мораторийға байланысты кейінге шегеріле берді. Тек 2020 жылы білім ұясына Қадыр Мырза Әлидің есімі берілген соң ғана бұрыннан көтеріліп келе жатқан ауылдың атауы төңірегіндегі әңгіме қайта қозғалды. Мұндағы түрлі ұлт өкілдері «Еуразия», кезінде қызыл балық көп болуы себепті «Бекіре» деп қоюды ұсынса, қандастарымыз «Жерұйық» пен «Байқоныс» атауларын қолайлы  көріп  отыр.

Қысқасы, мұнда саяси сауатты, ауыл атауын өзгертудің мақсатын екі тілде жіліктеп жеткізе білетін, Жаңа Қазақстанда мән-мағынасы жоқ атауларды жою қажеттігін тұрғындарға ұғынықты мәнерде айта алатын құзырлы құрылым өкілдері келгені жөн, – дейді Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектептің директоры Нұрсәуле Тәліпова.

Дұрыс пікір, жөн сөз. Ал біздің өз тарапымыздан алып-қосарымыз, аталмыш ауылдай сулы-нулы, яғни тұрмыс-тіршілікке, мал-жанға, шаруаға өте қолайлы жерді ата-бабамыздың ежелден қоныстанбауы мүмкін емес. Ендеше, «Жерұйық» деген атау жарасып тұр емес пе?

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале