14.09.2021, 15:43
Оқылды: 47

Жұмыс тәжірибесімен алмасу туралы топтамалық семинар өтті

Жуырда Батыс Қазақстан облысының әкімдігі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау бойынша Жобалық кеңсемен бірлесіп еліміздің батыс өңірлеріне арналған онлайн форматында топтамалық семинар ұйымдастырды.

1

Саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты материалдар жинау жөніндегі жұмыс тәжірибелерімен ақпарат алмасу семинары «Қазақстанда ХХ ғасырдың 30-шы жылдары халық көтерілістері мен наразылықтарына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырағандар» тақырыбында өткізілген болатын. Аталмыш семинар жұмысына Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Маңғыстау облыстарының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия өкілдері, белгілі тарихшы ғалымдар қатысты.

2

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бахытжан Нарымбетов аймақтық семинарды ашып, өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін баяндап берді. «Мемлекет басшысының тапсырмасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде саяси қуғын-сүргін тақырыбын терең зерделеп, репрессия мәселесіне құқықтық және саяси баға беру өте маңызды деп есептеймін. Бұл мәселеде жұмыс тәжірибелерімен алмасу, ғылыми жұмысты жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отырған семинар өңірлер үшін өте тиімді болмақ.Күрделі тарихи мәселелерді зерттеуде өңірлермен алдағы уақытта да өзара ынтымақтастықта жұмыс жасайтынымызға сенімдімін», - деп атап өтті Бақытжан Хаберұлы жиындағы кіріспе сөзінде.

3

Аймақтық семинарды жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымов жүргізді. «1929-1931 жылдардағы Қазақстандағы халық наразылықтары» тақырыбы бойынша негізгі баяндаманы мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, академик Талас Омарбеков жасады. Қосалқы баяндамашылар ретінде ақтөбелік ғалым-тарихшы Жібек Бегімбаева, атыраулық ғалым, т.ғ.д., Лесқали Бердіғожин, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ аға оқытушысы, т.ғ.к. Есқайрат Хайдаров, Қостанай облысынан А.Байтұрсынов атындағы университеттің өкілі, тарихшы Эльмира Наурызбаева, ақтаулық өлкетанушы Алқажан Меделұлы қатысып, өңір тарихына қатысты тың деректерді жеткізді.

4

Баяндамалардың соңында қатысушылармен пікір алмасулар жүргізіліп, тақырыптардың өзектілігі талқыланды.

Іс-шараны қорытындылаған Жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымов аймақтық семинардың ұйымдастырылуына үлкен қолдау көрсеткен БҚО әкімдігіне алғыс білдірді.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале