БҚО-да жыл басталғалы бері 522 өрт оқиғасы тіркелді. Оқыс оқиғалардың салдарынан 10 адам қаза тауып, тоғыз адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бұл туралы өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты өткен рейд кезінде Орал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Нұрсұлтан Серіков айтты.
– Жылыту маусымы басталысымен, тұрғын үйлерде өрт саны артады. Тұрғындардың қауіпсіздік қағидаларын елемеуі, жауапсыздық танытуы – өрт шығуының басты себебі. Биыл өңірде 522 өрт болды. Оның ішінде тұрғын үй секторында 317 өрт оқиғасы тіркелді, бұл жалпы аталған оқиғалардың 60%-ын құрайды. Өрт орнында тоғыз адам қаза тауып, бес адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Дәл қазір облыс аумағында өрт оқиғаларын болдырмау мақсатында департамент қызметкерлері мүдделі органдармен және коммуналдық қызметтермен бірлесе отырып, барлығы 60 адамның қатысуымен жылу беру кезеңінде өрттердің және олармен байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында рейд өткізуде. Бүгін «2-ші жұмысшы» шағынауданының тұрғындарына жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатырмыз, - деді Нұрсұлтан Уәлиханұлы.
Оралдағы «2-ші жұмысшы» шағынауданында жүргізілген рейдте тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар табысталды. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдыруға болмайтыны ескертілді.
Гүлмира Сарсенғали
Суреттерді түсірген: Диас Закбаев
zhaikpress.kz