Тамыздың 1-і «Мектепке жол» республикалық акциясының алғашқы күніне орай Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өтті.
Акция аясындағы баспасөз мәслихатын сөз сөйлеп ашқан Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен өткен селекторлық жиналыста өткен жылғы акцияда облыс бойынша белсене қызмет көрсете білген аудандардың қатарында Қаратөбенің аты аталғанын айтып, бүгіннен бастау алған 2 айлық акцияны өз деңгейінде өткізуге атсалысуға шақырды.
Аталмыш жиында Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметін уақытша атқарушы Есенгүл Есентемірқызы мектеп жасындағы балаларды мектепке толық қатыстыруды қамту бағытында ауданда ұйымдастырылған жұмыстармен қатар өткен жылғы акция бойынша қамтылған игі істер мен ағымдағы акция аясында атқырылатын жоспарлы жұмыстарды баяндады. Акция шеңберіндегі игі істерге Қаратөбе ауданындағы ұжымдар мен аудан кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары жетекшілері жыл сайынғы дәстүрге сай белсене қатынасып келеді. Аудан жұртшылығы маңызы зор акцияға биыл да өз үлестерін қоспақ.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы
www.zhaikpress.kz