Тумысынан турашыл болып өскен жігіттің балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген. Әйтсе де бар мақсаты білім алу болғандықтан кездескен қиындыққа шыдас береді.
1919 жылдың 19-шы ақпанында орта шаруа отбасында дүниеге келген ол сегіз баланың кенжесі бола-тұғын.
Соналы бастауыш мектебінде білім есігін ашып, одан соң аштық жылдарына байланысты ата-анасы, бауырлары ішкі жаққа көшкенде елде қалып, ағасы Шәріп екеуі Жақсыбай мектеп-интернатында оқуын жалғастырған.
Арада жылдар өтсе де ардақты әкенің өмір өткелдері турасындағы әңгімесі қызы Әлияның есінде қаз-қалпында қалыпты:
«1932 жылғы аштықта интернатта 15 бала аштан өлді. Үкіметтен тамақ келіп болмады. Ас жоқ, сөктен көже жасап береді. Оның өзі сұп-сұйық.
Лажсыздан, көлден қасқалдақтың жұмыртқасын, шөптің түбірін (шоңқай) жұртта қалған ошақтарға қуырып жейтінбіз.
Интернат меңгерушісі, ұлағатты ұстаз Жолдығали Ербатыров өте бір жақсы адам еді. Біздерді адалдыққа, жақсылыққа тәрбиелеп өсірді».
...Қайырғали Төралиев 1933-1934 жылдары Қаратөбе мектеп-интернатында оқуын жалғастырып, 1934 жылдың мамырында Орал қаласындағы 3 айлық қысқа мерзімді әзірлік курсына қабылданады.
1938 жылы қазіргі Орал ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жолдама бойынша Қостанайға сапар шегіп, облыстың Жетіқара ауданында 1940 жылдың аяғына дейін зоотехник болып қызмет жасайды. Көп ұзамай өңірге оралып, бір жылдай Бөрліде мал маманы қызметін атқарады.
Аспанды қара бұлт шалып, ел басына қиын-қыстау орнаған шақта қолына қару алып, майдан даласына аттанған бір шаңырақтың үш бірдей азаматының қатарында Қайырғали Төралиев те болды.
1941 жылдың желтоқсанында Бөрлінің әскери комиссариаты арқылы соғысқа аттанып, үш айлық жаттығудан кейін 1942 жылдың наурызынан 1943 жылдың қазанына дейін Батыс майданында армия генералдары Рокасовский мен Ватутиндердің шебінде болады.
«Беларусияның Брян тоғайында барлаушы болып жүрген күндерінің бірінде «тіл» алып келеміз деп талай қоршауда қалатынбыз.
Кескілескен шайқастың бірінде орман ішінде немістерге кездесіп қалдық. Оқ борап, шайқаса кеттік. Шайқас сап тыйыла беріп, түгенделген сәтте Мыльников деген командиріміз жоқ болып шықты. Немістер тұтқындап алып кетті ме деген ой келді. Бақсақ, орман ішінде атып өлтіріп, екі көзін ойып, ағаштың арасына қадап кетіпті. Сондай сұмдық та басымыздан өткен...» дейтін көзі тірісінде қызы Әлияға.
1943 жылдың қазанында Днепропетровский артиллериялық училищесінің алты айлық курсын бітіріп, 1944 жылдың сәуірінде 3-інші Украина майданында 10-шы гвардиялық әуе десанттары дивизиясының 5-інші гвардиялық әуе десанттары артиллериясы полкінің атқыштар взводын басқарады.
Майдан шебінде жүріп, 1943 жылдың қысында партия мүшелігіне өтеді.
1944-1945 жылдары 3-інші Украина майданы 57-армиясының құрамында болып, Украина, Беларусияны қаптаған қалың жаудан азат етуге қатысады.
«Қырғын соғыспен, үлкен шығынмен Дунайды көктей өттік. Жасақты сақтау – басты шарт. Тәртіп қатаң. Кейде техника жоқтығына байланысты ас-су, ауыстыратын киім-кешек келмей қалады. Бір жылы қыста киген киім-кешекті мамыр айында ауыстыруға тура келді. Қиындыққа мойымай, тек алға деген ұранмен қару-жасақты жаяу сүйреп, Еуропаны басып өттік. Бізді алға жетелеген - Отанға деген сүйіспеншілік, Жеңіске деген үлкен сенім, - деп қызына жиі айтып отырады екен.
Соғыс өрті тыйылған ба, кезекті шабуылдың бірінде ауыр жарақат алады. Орыс солдаты «Товарищ, командир ты жив?» деп арқалап, санитарлық арбаға отырғызып, әрі қарай санбөлімшеге жеткізеді. Тиісінше госпитальде екі ай ем-дом қабылдайды...
Отанын жаудан қорғап, майдан шебінде ерлік көрсеткен Қ. Төралиев 1944 жылдың 22 желтоқсанында үлкен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Сұрапыл соғыста Болгария, Венгрия мемлекеттеріндегі қақтығыстарда да ерлігімен көзге түседі. Сол себепті «Болгарияны азат еткені үшін» медалін өңіріне тағады.
1945 жылы 16 наурызда Венгрияны азат ету кезінде Балатон көлінің маңында кескілескен шайқаста жараланып, тағы бір мәрте госпитальға түседі.
Содан 1945 жылдың 16 мамырында жазылып шығады. Ол кезде Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған болатын.
Майдангер көп кешікпей 1945 жылдың маусым айында Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысқан.
Айтқанынан танбайтын ержүрек жауынгер жоғары шенді майдандастарының арасында құрметке әбден лайық болатын. Соның айғағындай, 1945 жылы 18 наурызда 5-гвардиялық әуе десанттары артиллерия полкінің командирі, гвардия майоры Кузин гвардия лейтенанты Қ. Төралиевті майдан даласындағы жауынгерлік ерлігі үшін «Ленин» орденіне ұсынады.
Ол турасында марапаттау парақшасында: (Наградной лист)
«16.03.1945 года, Западнее д. Сенге (Венгрия) – сдерживая наступление крупных сил танков и пехоты портивника, выдвинув орудие на прямую наводку вперед нашей пехоты и своим огнем сорвал немецкую атаку.
Находясь под сильным артиллерийским и ружейно-пулеметным огнем., будучи тяжело раненым сжег одно самоходное орудие «Фердинанд», уничтожил 2 станковых пулемета и 20 немецких солдат и офицеров.
Достоин награждения орденом «Ленина» деп жазылған.
Алайда ерлік көрсеткен майдангерге белгісіз себептермен «Ленин» ордені табысталмай, тиісінше 1945 жылдың 30 сәуірінде жауынгерлік «Қызыл ту» ордені тапсырылады.
Айта кету керек, мұндай жоғары награданы Қаратөбе ауданы бойынша алған майдангерлер саусақпен санарлық қана.
Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңіс туы желбіреп, елде бейбіт күн орнаған шақта өңірінде орден-медальдары жарқыраған гвардия лейтенанты
Қ.Төралиев елге келіп, Бөрлі ет совхозына мал маманы болып қызметке тұрады.
Ал 1947-1948 жылдары кіндік қаны тамған туған жер төсінде Қаратөбе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі аппаратында зоотехник болып жұмыс жасайды. Жаз айында отбасын құрады.
1949-1950 жылдары Сулыкөл ауыл кеңесінде, 1951-1952 жылдары Саралжын ауыл кеңесінде, 1952-1953 жылдары Калинин, 1953-1954 жылдары Молотов колхозында зоотехник болып жұмыс жасайды.
1955-1956 жылдары «Сталин жолы» колхозында зоотехник болып жасап жүрген кезең жетістіктерге толы болды.
Колхоз миллионер атанған шақта Мәскеуде өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады.
1957 жылы «Сталин жолы» колхозы Қалдығайты қой совхозы болып құрылған сәтте білікті маман ретінде мал тұқымын асылдандыру ісінде ерен еңбек сіңіреді.
1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті.
Майдангердің көзін көргендер оның азаматтығы, отансүйгіштігі мен жауынгерлігі турасында жылы пікірлер айтады.
- Қайырғали Төралиевпен Қаратөбе ауданының орталығында бірге көрші тұрдық. Ол өте турашыл, орысшаға судай, сауатты әрі тік мінезді азамат еді. Ол мінезі көпке жақпады.
Кеңес дәуіріндегі Н. Хрущев үстемдік еткен тұста жеке басқа табынушылық саясаты жетегінде Қалдығайты ауылында өткен бір жиында майдангер Қ. Төралиев: «Мен Сталиннің тұсында оқыдым. Еңбек еттім.
Я люблю чистоту, правоту, прямоту. Қажет деп тапсаңыздар, партбилеттеріңіз, мінекей!» деп мінбеге шығып, сөз сөйлегені есімде, - дейді майдангер жайында қаратөбелік Күләш Мұхтарова.
Майдангер ата 1971 жылы 26 қаңтарда 52 жасында дүниеден озды. Аяулы жары Айша Төралиева екеуі отбасында өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Өрбіген ұрпағы ел қатарлы үлкен құрметке ие бір-бір шаңырақ иелері.
- Майдан жолынан өткен жауынгер әкем үшін мақтанамын. Бізге бейбіт өмір сыйлаған ардақты әкеге әр кез қарыздармыз. Майдангерлер Жеңіс күнін әпермесе, біз бүгінгідей шат-шадыман өмір сүрер ме едік?!.
Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Ешқашан соғыс болмасын! Аспанымыз ашық болсын! – дейді майдангердің қызы Әлия Қайырғалиқызы.
Бүгінгі бейбіт заман үшін неміс басқыншыларына қарсы тойтарыс беріп, ерлік көрсеткен даңқты батыр Қайырғали Төралиевтің есімі көмескіленбеуі тиіс.
Сол себепті де Қаратөбе өңірі бойынша ең жоғары награда «Қызыл ту» орденін алған майдангер есімін ұлықтауда ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.