28.07.2016, 12:31
Оқылды: 95

Ешбір сауал назардан тыс қалмайды  

Ешбір сауал назардан тыс қалмайды«Нұр Отан» партиясының Зеленов аудандық филиалы облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі қоғамдық қабылдауын осы аптада Дариян ауылында ұйымдастырды.


Облыстық мәслихат депутаты Иван Иванович Енютиннің қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауға «Нұр Отан»  партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау кабинетінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязова, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Дүзбатыров, сондай-ақ коғамдық кеңес,  ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл белсенділері, шағын және орта кәсіп иелері қатысты.

Қоғамдық мәселелерді қаузаған жалпы отырыста мәслихат хатшысы Р.Исмағұлов ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті.

- «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ауданға бөлінген 258 млн. теңге қаражат жылдар бойы тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған 560-тан астам тұрғынға берілетін жер телімдеріне инфрақұрылым тартуға бағытталды. Трекин округіне қарасты Володар ауылы маңынан берілетін аймаққа электр желісі, аудан орталығынан бөлінген жер телімдеріне электр желісі мен ауыз су тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа Рубежин ауылдық клубы, Переметный мектебі күрделі жөнделсе, Озерный ауылынан 48 орынға шақталған мектеп құрылысы басталды. Садовое және Зеленый елді мекендерінің тұрғындарын қала орталығымен Шаған өзені арқылы байланыстыратын, жалпы құны 92 млн. теңге болатын екі аспалы (ванттық) көпір құрылысы да басталғалы отыр. Аудан орталығында орталық стадион мен алаң қайта жаңғыртылып, мектептер мен ауылдық клубтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыл-аймақты абаттандыру жұмыстары әр округта «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен іске асырылуда, - деген ол бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі партия тарапынан қатаң бақылауда екендігін жеткізді.

Облыстық мәлихат депутаты И. Енютин өзінің саулауалды бағдарламасында жоспарланған жұмыстардың орындалу ретін баяндап өтті.

- Қазір Трекин, Володар, Дариян, Озерный, Рубежка, Красноармейск, Раздольный, Кирсанов, Январцев ауылдарын облыс орталығымен жалғайтын «Орал-Кирсанов» тас жолы жөнделуде. Мемлекеттік «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы несие алған тұрғындар өз кәсіптерін ашып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін орындауда халықтың мұң-мұқтажын ұдайы назарда ұстап, мәселелерінің оң шешілуіне қолдан келгенше ықпал етудеміз, - деген депутат Чувашка, Достық ауылдарынан көң-қоқыс павильоны жасақталып,  Володар мектебін оңтайландыру мәселесінің түбегейлі шешілгендігін атап өтті.

Партияның аудандық филиалының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысына қысқаша тоқталған Нұржан Тоғызбайұлы сайлауалды бағдарламада межеленген міндеттердің орындалу барысын түйіндеп, аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары төрағалары, салалық бөлім-мекеме басшыларымен жоспарлы жүргізілетін қоғамдық қабылдауларға халықтан түсетін өтініш-талаптардың қаралуын баяндады.

Басқосуда еңбек ардагерлері Р. Бабақожа мен Н. Калашникова ауылды абаттандыру ісіне халық болып жұмылудың қажеттігін сөз етсе, Сұлукөл ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы С. Сәрсенғалиев ауылға барар жолдың жөнделуіне депутаттардың ықпал етулерін талап етті. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауда Макаров округіне қарасты Садовое ауылындағы электр қуатының тапшылығы, ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру қажеттігі айтылды.

Көтерілген мәселелердің оң шешімі рет-ретімен табылатынын жеткізген депутаттар ешбір сауалдың ескерусіз қалмайтынына сендірді. Жеке сұрақпен келген тұрғындарды арнайы қабылдаған депутат И.Енютин мен облыстық филиал өкілі Г.Шайхиниязова әр мәселенің шешімі бойынша жауап берілетінін алға тартты.

Нұрәлі Жапақ
Зеленов ауданы
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале