Тамыздың 1-і – Ұлы Отан соғысының ардагері, ақжайықтық Лев Иванович Дорофеевтің 90 жасқа толған күні.
Жымпитыда дүниеге келген Лев Иванович герман-фашистеріне қарсы сұм соғыс тұсында 17-ақ жасында әскер қатарына алынған. Сол майданда ерен ерліктің үлгісін көрсете білген байланысшы жауынгердің жорық жолы Ұлы Жеңістен кейін жапон мелитаристерімен болған ұрыста жалғасты.
Әскер қатарынан 1950 жылы ғана елге оралған майдангердің омырауында соғыс кезінде алған ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, екі бірдей «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды. Қос медальдің бірі иесін арада 70 жыл өткенде ғана тапты.
Ақжайық селолық кітапханасында майдангерді торқалы тоқсанымен құттықтаған Теректі ауданы әкімі Мұрат Мұқаев Лев Ивановичтің арқасына қазақы салтпен шапан жапты.
Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Кукашев, мәслихат хатшысы Ә.Нұрғалиев, Ақжайық селолық ардагерлер алқасының төрағасы Т.Ашықов, ауыл ардагерлері М.Исқақов, С.Ахметжанов, М.Молдағалиева ардагерді құттықтап, ол туралы жылы лебіздерін білдірді. Мерейжас иесіне осындағы ЖОББМ, полиция бөлімі, аурухана ұжымдары атынан сыйлықтар табыс етілді.
Таңат Жексенбаев, Мерей Шайдрахманов орындаған патриоттық әндер де Лев атай құрметіне арналды.
Мектеп оқушысы Айбар Қойшығалиев пен біздің әріптесіміз, «Теректі жаңалығының» тілшісі Әділет Орынбасаровтың көкейлерінен шыққан өлең-жырлар майдангердің ғана емес, көрермендердің көз алдына соғыс зұлматын елестеткендей болды.
Өз кезегінде майдангер ақсақал Л.И.Дорофеев осы шараны ұйымдастырушылар мен құттықтаушыларға алғысын жаудырып, ақ тілегін айтты.
Шара ақжайықтық әнші Нұрболат Бекесов орындаған «Атамекен» әнімен тәмамдалды.
Мұхамбет Жұбандықов
Теректі ауданы
www.zhaikpress.kz