Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» атты байқау өтті.
Сайысқа он ауылдан он бір келін қатысты. «Сымбат-көрік сынымен...», «Білгенге – маржан», «Қолы алтын», «Өнегелі де өнерлі» деп аталатын төрт кезеңнен тұратын шара барысында көрермен қауым тартымды да шырайлы сәттерге куә болды.
Қабылдық Мөлдір Ғазизкеліні өлеңді мәнерлеп оқуымен, тайпақтық Гүлзада Мұраткеліні ән әуелетуімен, сарытоғайлық Рыскүл Жұмагелдікеліні қасиетті қара домбыраны күмбірлетуімен бірден ілтипатқа бөленді. Тайпақтық Жадыра Мәліккеліні де өнер десе елгезек жан екен. Дәстүрге байланысты да сұрақтарға мүдірмей жауап берді, алғырлығы да байқалып тұрды. Коловертное, Ақсуат, Базартөбе, Жамбыл, Алмалы ауылдарынан келген, яғни барлық қатысушы да салт-дәстүрге және ситуациялық жағдаяттарға байланысты сұрақтарға жауап беруде ой ұшқырлықтарын танытты. Түрлі шарттар аз болған жоқ. Нан илеуден мысалы, будариндік Айымгүл Әлібайкеліні басқалардан озық болды. Ал сарытоғайлық Рыскүл Жұмагелдікеліні әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтың «Еңбек» термесін орындағанда көрермен бір сергіді.
Сайыс қорытындысында Тайпақ ауылынан Жадыра Мәліккеліні «Үздік келін-2016» атағына ие болса, қабылдық Мөлдір Ғазизкеліні ІІ, тайпақтық Гүлзада Мұраткеліні ІІІ орынды еншіледі. Әрине, әңгіме жүлдеде емес, берекенің, сыйластықтың, босаға беріктігінің, ұрпақ сақшысының ұйытқысы болып табылатын келіндер өнегесінің өрісі кеңейсе, нұр үстіне нұр деген осы ғой. Түптеп келгендегі түйін осы.
Байқаудың соңында «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі, қазылар алқасының төрайымы Балым Қабашқызы көпшілікке ақ тілегін арнады.
Бек СҮЙІНІШ
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Таңатар ТАЛҒАТҰЛЫ
www.zhaikpress.kz