5.08.2016, 9:48
Оқылды: 25

Полицияның уақытын не «жалмап» жатыр?

Полицияның уақытын не «жалмап» жатыр

Ақжайық ауданында өткен жылдың бұл кезеңінде 318 қылмыс тіркелсе, биыл артта қалған айларда – 284. Аса ауыр қылмыс тіркелген жоқ.


Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда ауыр қылмыстардың ашылуы 77,8 пайыздан 87,5 пайызға, орташа қылмыстар бойынша 64,9-дан 74,6, ауыр емес қылмыстардың ашылуы 82,5-тен 88,2 пайызға көтерілді.

Алайда полицияны қатты алаңдататын жағдай - малдың бағымсыздығынан оның жоғалуы, ұрлануы бойынша тіркелген қылмыстардың азаймауы. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Руслан Алмағамбетов өткен баспасөз мәслихатында осы мәселеге басымырақ тоқталды.

Былтырғы 7 айда малдың жоғалуы, қолды болуына қатысты 60 факті (ашылуы 41,8 пайыз) тіркелсе, биыл – 63 (ашылуы 50,8 пайыз). Қырсықтың басы сол, малды жазғы жайылымда бағуды ұйымдастыру көптеген ауылда байыпты түрде ойластырылмай келеді. Тұрғындардың бақташыға ақысын төлеуден қашып, малды өз бетімен жібере салатын дағдысы тағы бар. Сондықтан мал «басы ауған» жаққа кетеді. Енді міне, ақыр соңында ұрылардың олжасына айналады. Соның бәрі түптеп келгенде, полиция қызметкерлерінің қыруар уақытын «жалмайды».

Бағымды ұйымдастыруға қатысты талай әңгіменің басы қайырылып келе жатқанымен, көп жерде бұдан нәтиже жоқ. Мұның есесіне, полициядан «малымды тауып бер» деп «табандап» тұрып талап ететіндер аз емес.

Егер Көнеккенткен ауылдық округіндегідей немесе Сайқұдық (Құрайлысай ауылдық округі) ауылындағыдай бағым ойдағыдай ұйымдастырылса, ұры-қарылар басынуды қояр еді. Биылғы мал ұрлығының тек төртеуінен басқасы өрісте жасалғаны көп нәрсені аңғартса керек.

Мәслихат барысында Р.Б.Алмағамбетов мал ұрлығына қатысты ауыр қылмыстар жайында да айта кетті. Ақсуат ауылдық округіндегі шаруа қожалығынан Жаңақала ауданының екі тұрғыны топ құрып, жылқы ұрлағаны жөнінде қылмыстық іс 12 жағдайды, сондай-ақ, Алғабас ауылының тұрғыны топ құрып, даладағы қараусыз малды атып, сұғанақтық жасағаны 5 жағдайды құрады.

Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале