12.02.2015, 10:13
Оқылды: 23

Пікірлер еркін АЙТЫЛҒАН ЖИЫН


 Сырым ауданындағы өзекті мәселенің бірі электр желісіне қатысты. Желілердің тозуына байланысты ауданда жарық жиі өшеді. Бүгінде аудандағы 1034 шақырымдық электр желілерінің 878 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл осы мәселеге жете көңіл бөлінбекші. Бұл жөнінде аудан әкімі Абат Шыныбеков тұрғындар алдындағы есебінде баяндады.


Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар қатысқан жиын ауданда былтыр қолға алынған, атқарылған жұмыстар жөніндегі бейнефильммен басталды. Сонан соң Абат Шыныбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен алда тұрған міндеттері жөнінде есеп берді. «Өткен жылғы есеп беру кездесулерінде көтерілген өзекті мәселелер бойынша жасақталған іс-шаралар жоспарына 41 мәселе енгізіліп, жыл аяғына 32 мәселенің оң шешімін табуына қол жеткіздік. Ал жолдарды, бөгеттерді, электр желілерін жөндеу және техникалық су тарту, интернет желісіне қосу, ұялы байланыс мәселелерінің орындалуы бақылауға қойылды, - деді


Абат Абайұлы. - Енді нақты көрсет-кіштерге тоқталайын. Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2013 жылы 189,4 млн. теңге болса, былтыр 215,1 млн. теңгені құрды. Бұл көрсеткіштерді экономиканың нақты саласы бойынша сараласақ, 87,2 млн. теңгеге тамақ өнімдері, 69,9 млн. теңгеге ет өнімдері, 4,9 млн. теңгеге құрылыстық бұйымдар өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1059 млн. теңгені құрап, 2013 жылдың тиісті кезең деңгейінен 208 %-ға көбейіп отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 24,3%-ға артты. Алты елді мекенге газ құбыры тартылды. Тұрғындардың көгілдір отынға қол жеткізу көрсеткіші 34%-дан 62%-ға көтерілді. «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде Жымпиты, Талдыбұлақ ауылдарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілсе, Қосарал ауылында таза су қондырғысына күрделі жөндеу жасалып, ауыз су үздіксіз берілуде.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 4865,6 млн. теңге немесе 2013 жылмен салыстырғанда 105,9%-ды құрады. Алдыңғы жылы 22 ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылары алынса, былтыр олар тағы да 50 данамен толықты. Төрт түліктің санында өсім бар. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында Ресейден 402 бас және отандық асыл тұқымды 40 бас аналық мал сатып алынды. Аудан бойынша бүгінде 3 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіру мәртебесін алу үшін палатаға тіркелуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Жібек жолы» шаруа қожалығы мал сою пунктінде ет тоңазытқыш камералары бар қоймалар құрылысы мен мал сою желісін жаңғырту жобасын бастады. «Жайлау» шаруа қожалығы қымыз өндіру технологиясын жетілдіруде.

Шағын және орта кәсіпкерлікте 2166 адам жұмыс жасайды. Ауданның экономикалық белсенді халқынан осы салада жұмыс істейтіндер үлесі 16,4%-ды құрап отыр. Шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 4,4 млрд. теңгеге тауар өндіріліп, қызмет көрсетілді, ол салыстырмалы мерзімнен 5,2%-ға көп».

Электр жарығына байланысты ауданда төтенше жағдай жиі орын алып жүр. Бұл осы салада ауқымды шаралар қабылдау керектігін көрсетуде. Әсіресе, Қызылағаш, Қазақстан, Алатау, Ақырап, Жаңа-өңір, Жетікөл, Былқылдақ елді мекендерінің электр желілері қыс мезгілінде жиі үзіліп, тұрғындарға көп қиындық туғызуда. Осыған орай аудан басшылығы мен «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ биылғы жылға арналған бірлескен іс-шаралар жасақтады. Онда үстіміздегі жылы ауданда жүргізілетін күрделі жөндеулер көлемі нақтыланып, елді мекендерді тұрақты электр энергиясымен қамту үшін жаңа желі тарту белгіленді. Сонымен қатар Сырым аудандық электр торабы мекемесінің материалдық-техникалық базасын да нығайту шаралары қарастырылмақшы.

Бүгінде жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші ретінде 841 адам тіркелген. Бұл экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 6,3%-ын құрайды. Өткен жылы 491 жаңа жұмыс орны құрылды. Аудан әкімін  бос жүрген азаматтардың малшы, механизатор, аспазшы сынды кәсіпке баруға құлықсыздығы толғандырады. Сол себепті ауылдық округ әкімдері жұмыспен қамту органдарымен бірлесе отырып, түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізуді қолға алатын болады. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 626 адам жіберілсе, әлеуметтік жұмыс орындарына 115 адам орналасты. Аудан бойынша орташа айлық еңбекақы 56867 теңгені құрады, бұл өткен мерзімімен салыстырғанда 4,9%-ға көп. Жағдайы төмен от-басылардың саны да 15 отбасыға азайып, жыл ішінде 40 отбасына 4,2 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. «Ақжайық» шипажайында 79 еңбек, тыл ардагері және мұның сыртында 39 мүгедек жандар санаторлық-курорттық орындарда ем алып келді.

- Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру бағытында алдымызға қойылған міндеттер мен атқарылар жұмыстар аз емес. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығында «Агробизнес –2020» бағдарламасының шеңберінде белгіленген жобалардың толыққанды жүзеге асуына баса көңіл бөлінетін болады. Халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында аудан орталығынан заманауи сауда кешені салынбақ. Самара-Шымкент аутожолының мүмкіндігін пайдалану мақсатында өткен жылы құрылысы басталған  жолаушыларға қызмет көрсететін 6 нысан іске қосылады. Сонымен қатар аудан орталығынан қоғамдық монша салу көзделуде. Балықты қайта өңдеп сату орталығын ашу жоспарлануда. Елді мекендерге газ, су тарту, жол жөндеу бағытындағы жұмыстар жалғаспақшы. «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ауданда жұмыс жасайтын 781 жеке және заңды тұлғалардың ірі, орта кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау мақсатында меморандумдар жасалды. Осыған орай үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалар шең-берінде ауданда жүзеге асырылатын жобалар аясында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілмек, - деді Абат Шыныбеков.

Есептік баяндамадан кейін Жымпиты ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Ким Федянин аудан әкімінің қарапайымдылығына, адамгершілік қасиеттеріне, іскерлігіне қатысты ризашылығын білдіріп, оның жыл ішінде атқарған жұмысына жоғары баға берді. Бұлдырты ауылдық қоғамдық келісім ұйымының төрағасы Еркін Мырза әкімдердің есеп беру жиындарының нақты жұмыстарға түрткі болатынын атап өтті. Сол жиындар арқасында Бұлдыртыға газ тарту, ауылдың кіреберіс жолын жөндеуден өткізу биыл жүзеге асады деп жоспарлануда. Міне, осындай істердің арқасында ауылдағы ағайынның жарқын болашаққа сенімі зор. «Мен мәдениет саласында жиырма жылға жуық  қызмет атқарып келемін, - деді жымпитылық Көпбол Мұхамедов. - Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар жақсы орындалуда. Мәселен, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша былтыр баспаналы болдым. Халықтың игілігі үшін, осындай бағдарламалар қабылдағаны үшін Елбасына, Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке ризашылығымды білдіремін».

- Әр деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беруінің тиімді тұстарының көп екенін бүгінгі жиналыс тағы да көрсетті. Аудан тұрғындары өз пікірлерін ерікті әрі еркін түрде жеткізді. Бұл заңды да. Себебі бұл жерде дала демо-кратиясын құрған атақты батыр, шешен Сырым Датұлы мекен етті. Осы жиынға аудан тұрғындарының белсенді  қатысқанына ризамын. Жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасында жанды байланыс бар екені  байқалып тұр. Аудан әкімінің баяндамасында біраз жайт қамтылған. Көптеген іс атқарылғанын көріп-естідік. Ал қаншама іс осы жерге жеткізілмей-ақ шешілді?! Бұл атқарушы биліктің тұрғындардың ұсыныс-тілектері бойынша жұмыстануға қауқары, қаржылық мүмкіншіліктері бар екенін көрсетеді. Жалпы, өткен жыл еліміз үшін де, облысымыз үшін табысты, берекелі жыл болды. Мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша облысымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, экономиканың оң дамуын қамтамасыз еттік. Биыл да құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздықты жою, салық базасын нығайту бағытында жұмыстар жалғасады. Алдағы жылдарда да аман-саулықта, толағай табыста жүздесуге нәсіп еткей, - деді жиынды қорытындылаған Нұрлан Ноғаев.


Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале