Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин тұрғындардың үлкен тобын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауда болған азаматтар мен азаматшалар негізінен тұрғын үй, үйге ауыз су өткізу, жұмыс, материалдық көмек, тұрғын үйге табиғи газ желісін тарту сияқты мәселелерді ортаға салды. Мәселен, жақсыбайлық Ақсәуле Мекетаева ауылдағы сайдың келесі бетінен үй салғысы келетінін, ол үшін ауылдың бас жоспары керек екендігін алға тартты. Бұл мәселенің жауабы анықталып, кейін берілетін болды. Ал су мәселесімен жүгінген жәнібектік Рита Жалбуроваға мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын күту жөнінде ұсыныс айтылды. Жұбайына жұмыс сұрай келген ұзынкөлдік көпбалалы ана Аяжан Молдағалиеваның жолдасына шаруа қожалықтарынан жұмыс табылатыны, мектеп жасындағы балаларына киім алу үшін ауылдық округ әкімі мен мектеп әкімшілігіне өтініш түсіруі қажеттігі ескертілді.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген, қабылдауға келген тұрғындардың барлығының өтінішін мұқият тыңдаған аудан басшысы қатысып отырған мүдделі мекеме, бөлім басшыларымен кеңесе отырып, оларға нақты жауабын берді.
А.ЕСІРКЕПОВ
Жәнібек ауданы
www.zhaikpress.kz