12.02.2015, 9:19
Оқылды: 71

Халықпен тіл табыса білгеннің ЕҢБЕГІ ЖАНАДЫ


Қаратөбенің экономикасы жүйелі түрде дамып келеді.


Жол салынды, су мен газ келді. Мал басы артып, кәсіпкерлік дамып, жұмыссыздық азаюда. Енді мәдениет саласына жете көңіл бөлу керек. Мұхитты, Ғарифолланы, Ескендірді дүниеге келтірген бұл ауданда қазір аталмыш сала, соның ішінде өнер кенжелеп тұр. Бұған жете мән беру қажет. Бұл жөнінде Қаратөбе ауданы әкімінің есебі кезінде облыс басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.


Жиын барысында аудан әкімі Асхат Шахаров баяндағандай, был-тыр өткен есептік кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің біразы шешілді. Атап айтқанда, Қаратөбе ауылындағы ауылішілік су құбырына «Ақбұлақ» бағдарламасымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аудан орталығындағы саябақ жаңа кейіпке енді. «Жымпиты – Қаратөбе және аудан орталығының ауылішілік жолдары жөндеуден өтті. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қоржын, Қарақамыс, Жусандыой ауылдары мен Бесоба, Сәуле елді мекендеріне көгілдір отын жеткізіліп, жоғары қысымды газ құбы-ры желілері тартылды. Егіндікөл орта мектебі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Сулыкөлде су жаңа мәдениет үйі ашылды.

- Аудан экономикасының негізін мал шаруашылығы құрайтындындықтан, бұл салаға үлкен көңіл бөлініп келеді. Ауданда бүгінгі таңда 209 шаруа қожалығы бар. Малдың бәріне өсім тән. Былтыр 4440,6 тонна ет, 8753,2 тонна сүт, 1212,1 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар тиісті деңгейде орындалуда. Мәселен, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бес шаруа қожалығы 47,8 млн. теңге несиеге 253 бас ірі қара алды. «Алтын  асық» бағдарламасы аясында бір шаруа қожалығы 15 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, ұсақ малының санын 600 баспен толықтырды. «Құлан» бағдар-ламасымен екі шаруа қожалығы 62 бас жылқы сатып алды. «Агробизнес – 2020» бағдарламасының етті мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша «Сатыбалды» шаруа қожалығы 140 бас, «Мөлдір» шаруа қожалығы 50 бас асыл тұқымды қашарларды Ресейден әкелді. Жылқы шаруашылығын дамытуға байланысты «Қоржын» шаруа қожалығы Ақтөбе облысынан  төрт бас асыл тұқымды айғыр сатып алды. Ауданымызда 600 бастан астам аналық қойы бар шаруа қожалығы алдыңғы жылы біреу болса, қазіргі  5  шаруашылыққа жетті.

Ауыл шаруашылығы техникаларының базасын жаңарту мақсатында шаруа қожалықтары жаңадан 23 «Беларусь» маркалы трактор алды. Бұл өз кезегінде қажетті мал азығын уақтылы әрі сапалы жинап алуға үлкен мүмкіндік берді. Аудан бойынша биылғы мал қыстағына  55,7 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, ол 102,3 пайызға орындалды, - деді Асхат Берлешұлы.

Аудан бойынша шағын кәсіпкерлік саласында тіркелген 574 тұлғада 973 адам тұрақты жұмыс-тануда. Шағын кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 1336,2 млн. теңгені құрап, бюджетке 62,7 млн. теңге түсім түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 15,9%-ға,  салық түсімі 25,5%-ға артты. Өнім өңдеу саласында алға басуда. Яғни 2 шағын наубайхана мен 1 кулинария цехында он  адам жұмыс жасап, жыл ішінде құны 11,7 млн. теңге болатын 87,2 тонна өнім өндірді.  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша Жусандыой ауылдық округіндегі «Думан» шаруа қожалығына 7,5 млн. теңге қаражат қаралып, Ұмтыл қыстағына электр желілері тартылды.  Сулыкөлдегі «Еркебай» шаруа  қожалығы да көп кешікпей осындай игілікті көрмекші. Қаратөбеде шағын кәсіпкерліктің қанат жайып келе жатқанының бір көрінісі сол, таяуда мұнда алкогольсіз сусындар өндіру цехы іске қосылмақшы. Соған орай «С.Ашығалиев» ЖК-ның бұл жобасы үшін 0,15 гектар жер телімі берілді.  Құны 11 млн. теңгеге жуықтайтын жоба Ресей жинақ банкімен несиелендірілді. Цех іске қосылған кезде 5 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы алғанда, былтыр 517 адам тұрақты, маусымдық және уақытша жұмысқа орналасты.

Ауданда баспана мәселесі де біртіндеп шешілуде. Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлін-ген 9,9 млн. теңге қаржыға бір пәтерлік 14 коммуналдық тұрғын үй құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеке тұрғындардың күшімен 8 тұрғын үй салынды.

Бүгінгі таңда қаратөбеліктердің 78,5%-ы су құбырлары арқылы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Ау-данның он елді мекендегі 1077 аула көгілдір отынға қосылған, бұл аудандағы елді мекендердің 46 пайызын құрайды. «Бір мәселенің шешілуі екіншісін туындатады, - деді аудан басшысы. - Жолдарымыздың жөнделіп, сапасының жақсаруына байланысты ауданда жол қозғалысы қауіпсіздігі күн тәртібіне шықты. Өткен жылы осы мәселені алдын алу бағытында ау-дандық бюджеттен 2,1 млн. теңге қаржы бөлініп, оған автокөлік жылдамдығын анықтайтын құрал (радар) сатып алынды. Сондай-ақ жаяу жүрушілердің жолдан өтуіне арналған жарықты диодттық белгісі (пешеходный знак) бес жерге орнатылса, ауыл ішіндегі жолдарға жасанды тегіс емес төрт қондырғы (лежачий полицейский) орнатылды».

Биыл атқарылатын жұмыстардың ішінде Үшана, Төлен, Алакөл, Ақтайсай ауылдарын газ жүйесіне қосу, Ханкөл, Қоскөл, Егіндікөл, Шалғын ауылдарына жоғары қысымды газ құбырын тарту жұмыстарын жалғастыру бар. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Жусандыой ауылының су құбырын қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендер сумен жабдықталмақшы. «Тұрғын-үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту 2011-2020» бағдарламасы шеңберінде 2 көппәтерлік тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі және Мұхит атындағы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Өткен жыл ішінде Қаратөбе ауданының әлеуметтік–экономикалық дамуы жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында мүмкін болды деген Асхат Шахаровқа  тұрғындар да жақсы баға берді. Мысалы, зейнеткер Мәулен Қожахметов аудан басшысының айтқан сөзін жерге тастамайтынын жеткізіп, оның іскерлігіне, халықпен тіл табыса білетіндігіне риза. Қазір ауданда шешілмей тұрған мәселе бар деп айту қиын. Өзекті мәселелер жүйелі түрде шешімін табуда. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев жол мәселесінің шешімін тапқанына қуанышты. «Жол аудан орталығына дейін ерте ме, кеш пе келер, - деді ақсақал. – Алайда Қаратөбенің ішкі жолдарының жөнделгенін көретініме сенбейтін едім.

Асхат Берлешұлы «Жас келсе, іске» деген қанатты сөзді жете білетінін дәлелдеді. Ол бізді, яғни аға толқын өкілдерін, екі-үш айда бір басымызды қосып, жағдайымызды сұрайды. Өзінің жоспарларымен бөлісіп, соған орай біздің ұсыныс-кеңестерімізді тыңдайды. Мұндай бірлескен іс өз жемісін берері анық». Жиналған жұртшылықты кестелі сөзімен баурап алған «Мұхит жастары» ұйымының төр-айымы Арай Мұқанова қаратөбелік жалынды жастар «Біз ауданымыз үшін не істедік?» деген бағытта жұмыстанып жатқанын айтты.

– Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында Қаратөбеде жұмыс жақсы жүріп жатқанын аудан әкімінің баяндамасынан ғана емес, ауылдарды аралағанда да көріп жүрміз. Өткен жылы аудан орталығындағы бес шақырым ауылішілік жолдар жөнделіп, асфальтталды. Осыдан-ақ халықтың жергілікті биліктің алдына қойған өзекті мәселелердің де шешімін табатынын көруге болады. Егер халықтың қолдауы болмаса, мұндай істерді атқару қиын. Аудан әкімінің биылғы жылға жоспарлаған істерінің ішінде Қалдығайты суландыру жүйесін жаңғырту да бар. Бұл мәселені кезінде бұрынғы аудан басшылары көтерген еді. Өзім көп уәде бермейтін едім. Аталмыш мәселені шешу ұзап кеткенін және оның қаратөбеліктер үшін маңыздылығын ескере отырып, бір ретін табармыз. Жаңа мінберге көтерілген ардагер ағаларымыз да, жастар да бізге ризашылықтарын айтуда. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін тиісті шаралар қабылдау - бұл біздің лауазымдық міндеттеріміз. Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы билікке берген тапсырмасын орындап жатқандығымыз. Осы бағыттағы жұмыстар көпшілікпен кеңесе отырып өз жалғасын табады, – деді өз сөзінде Нұрлан Асқарұлы.


 

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале