Шыңғырлау ауданының әкімдігінде аудан әкімі Альберт Есалиевтың қатысуымен өткен жиында отандық «ОтаuTV» телехабарлар арнасын пайдалану бойынша қазақстандық «КazSat-3» жерсерігіне қосылу туралы мәселе ортаға салынды.
Бұған дейінгі хабар таратуды жалға алу арқылы жүзеге асырып келген «IntelSat» шетелдік байланыс операторынан «КazSat-3» жерсерігіне ауысудың жолдарын «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалының мамандары Гүлжанат Қатауова мен Николай Ревков жан-жақты түсіндіріп өтті.
«КazSat-3»- ұлттық телерадиохабар тарату операторы ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап қолданысқа енгізілді. Бүгінгі таңда отандық операторға қыркүйек айына дейін көшіп болу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі бүгінгі күнге дейін қолданып келген шетелдік байланыс операторы 1-қыркүйектен бастап хабар таратуын тоқтады.
Отандық жерсеріктік байланыс операторына қазірдің өзінде 14 ірі қазақстандық кәсіпорындар қосылған, олардың қатарында Қазақстан Республикасының ірі телекоммуникациялық операторлары, ұлттық компаниялары, Қарулы Күштер құрылымы мен құқыққорғау органдары, мемлекеттік мекемелер мен еліміздің жеке компаниялары бар.
Отандық «КazSat-3» комостық аппараты байланыс саласындағы қыруар қаржының шетелдерге кетуін төмендетіп, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Шыңғырлау ауданында бүгінгі таңда «ОтаuTV» операторын қолданушы 1000-ға тарта абонент бар,- дейді аудандық Ішкі саясат бөлімінің мамандары.
Жиында осы абоненттерді түгел отандық операторға көшіру жолдары қарастырылып, бүгінгі күні аудан орталығын қамтып отырған Мейірбек Жұмашев сынды байланыс мамандарын мүмкіндігінше әр округтен тарту мәселесі айтылды.
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы
www.zhaikpress.kz