Теректі ауданы әкімі Мұрат Мұқаев ардагерлер кеңесі мүшелерімен, еңбек ардагерлерімен және ауданда үлкен құрметке ие ақсақалдармен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуді аудан басшысы өзі бастап, қазыналы қарттардың қоғамда үлкен беделге ие екендігін атап өтті.
Алдымен Теректі ауданы әкімі қазіргі таңда аудан көлемінде өзекті саналатын мәселелерді жіпке тізді. Олардың қатарында жастар тәрбиесі, тазалық мәселесі, діни ахуал, ауылдардың әлеуметтік дамуы бар. Сонымен қатар, су құбырларын жүргізу, көгілдір отынға қосылу, абаттандыру, жергілікті жердегі тазалық, жолдардың қазіргі жағдайы, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықпен күрес, жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесін жою көздерін қарастыру секілді күн тәртібінен түспес бірқатар проблемалар сөз болды.
Аталмыш мәселелер қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың және ауылдардағы ақсақалдардың өзара жұмыс істеуінің көмегімен шешілуі тиіс екендігі айтылды. Қоғам көпті көрген ардагерлердің рөлін жете түсінуі тиіс екендігін ерекше атады.
Көптен бері ел аузында жүрген мұражайды ашу мен аудан тарихын насихаттар энциклопедияны жарыққа шығару туралы ойды көпшілік қызу қолдады. Аудан басшысы Мұрат Рахметұлы бұл жұмыстардың бәрін жүзеге асыру барысында талмай еңбектену керектігін айтып, жиылған ардагерлерге сөз тізгінін ұсынды.
Теректі аудандық келісім кеңесінің төрағасы М.Төлегенов шеңберді кеңейтіп, осындай отырыстарды басқа да селолық округтерде ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті. Осы орайда Мусағали Орынғалиұлы аудан тарихын зерттеуді мықтап қолға алу керек деп тамаша ой тастады. Жер-су аттарының тарихын зерделеп, ауданды дамыту үшін жылдар бойы тер төккен тұлғалардың есімдерін тірілту, округтердің тарихи атауларын қайтару секілді жұмыстарды кейінге қалдыруға болмайтындығын айтты.
Бұл бастаманы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қоқашев та қолдады. Осы жұмыстарға жастар тарапын тарту керектігін сөз етті. Сонымен қатар, аудан әкімінен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай аудандық «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» газеті ұжымы дайындаған кітапшаның жарыққа шығуы үшін қолдау көрсетуін сұрады.
Мұражай жұмысын қолға алар кезде өзге аудандардың жетістіктерін қадағалап, тәжірибе алмасу керектігі жөнінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ғ.Қатабаев атап өтті. Игі бастамалар барысында қоғамдық кеңес аудан әкімдігін әрдайым қолдайтындығын жеткізді.
Кездесу барысында сөз алған «Әйел нұры - Свет женщины» әйелдер ұйымының төрайымы Л.Лымарева аудан орталығындағы қоқыс мәслесін қынжыла баяндады. Ол тұрғындардың қоқыс тастайтын жыраларды жөнсіз пайдаланатынын жеткізіп, ол жерден жан-жануарлардың өліктері көптеп табылады деді. Теректі ауданының басшысы осы мәселені назарда ұстап, жағдайдың оңалу мүмкіндігін қарастыратынына сөз берді.
Еңбек ардагерлері К.Сабитов, М. Плетеная және аудандық балалар шығармашылық үйі директоры Г.Креймер аудан әкіміне осындай өзекті мәселерді жою барысында ақсақалдармен ақылдасқаны үшін рахмет айтты.
Ал аудан әкімі М.Мұқаев барлық ардагерлерге алғыс білдіріп, сөз болған сын-ескертпелер ескерілетінін айтып, осындай жиындар әлі де жалғасын табатынын жеткізді.
Нұрзия Сисенбаева
www.zhaikpress.kz