13.08.2025, 16:00
Оқылды: 93

Адал еңбектің 27 жылы 

1980 жыл. Тереңкөл ауылының қарапайым шаңырағында тәрбиеленген Амантай Нұржанұлы мектеп табалдырығын аттап, он жыл бойы білім нәрімен сусындап, сол жылы арман жетегінде Орал қаласына жол тартады. ГПТУ-24 оқу орнында токарь мамандығымен меңгеру оның еңбек жолындағы алғашқы қадамы ед/і/.

WhatsApp Image 2025-08-13 at 16.47.45

1981 жылы колледж қабырғасынан алған білімін іс жүзінде шыңдау үшін Оралдағы Ворошилов атындағы зауытта токарь болып жұмыс істей бастады. Бұл қызмет еңбек тәртібі мен жауапкершіліктің, шыдамдылық пен ұқыптылықтың нағыз мектебі еді.

1982-1984 жылдары Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылды. Әскердегі тәртіп пен талап оның өмірлік ұстанымын одан әрі нығайта түседі.

1984-1986 жылдары әскерден келген соң, білімін жетілдіру мақсатында «Бурлинский УТМСХ» техникумында техник-механик мамандығын игереді. Бұл мамандық оның техникалық саладан терең білім алуына жол ашты. 1986-1994 жылдары туған жері Тереңкөл ауылына оралып, токарь болып еңбек етті. Қарапайым темірді өңдеп, ауыл шаруашылығы техникасын қайта іске қосу оның қолынан келетін шеберліктің көрінісі еді. Ал 1994-1998 жылдары ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарында жұмыс істеп, іс-тәжірибесін толықтырады.

1998 жылдан бүгінге дейін Тереңкөл ауылына газ жүйесі тартылған сәтте, Амантай Нұржанұлы газ-слесарь қызметіне тағайындалды. Бүгінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ құрамында 27 жылдық тәжірибесі бар білікті маман ретінде қызмет атқарып келеді.

Ол әріптестерінің сенімді тірегі, ауылдастарының құрметіне бөленген қарапайым еңбек адамы. Әрдайым көмекке әзір, шыншыл да адал мінезі оны көпшілік арасында беделді етті.

Бүгінде үш баланың әкесі, немерелерінің қамқор атасы атанған Амантай Нұржанұлы еңбекқорлық пен адамгершіліктің айқын үлгісі. Оның өмір жолы жас ұрпаққа “Еңбек – ер атандырады” деген тәмсілдің шынайы дәлелі болып қала бермек!

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале