Өткен жексенбі, яғни 17 шілдеде Белес ауылдық округінің әкімін сайлау болды. Сайлаушылар тізіміне енген 1051 азаматтың 893-і келіп дауыс берді. Үш үміткердің ішінде Бақтыгүл Жүнісова тұрғындардың 98,9 пайызының қолдауына ие болып, жеңіске жетті.
Бүгін аудан әкімі Марат Тоқжанов Белес ауылына барып, жаңа әкімді тағайындап, қызметіне табыс тіледі.
- Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Мұндай шешімді мемлекет дамуының және елді саяси модернизациялаудың жаңа кезеңі деп түсіну қажет. Сайлаудың жаңа жүйесінің негізгі мақсаттарының бірі – сайланған ауыл әкімдерінің өз сайлаушыларының алдындағы жауапкершілігін арттыру. Белестіктіктер осыны жете түсініп, саяси науқанға белесене қатысты және кандидат таңдауда бір мәмлеге келіп, ортақ таңдау жасады. Бұл сайлауда да әйел адам жеңіске жеткенін айта кеткен жөн. Енді аудандағы 4 ауылдық округті нәзік жандылар басқарып келсе, енді олардың қатары артып отыр. Әйел адамдар көп нәрсеге жанашырлықпен қарайтыны, жауапкершілік жүгін жіті сезіне білетіні белгілі. Бақтыгүл Батырбекқызының бойында да сондай қасиеттердің бар екенін білеміз, ол көпшіліктің артқан сенімін ақтайды деп үміттенеміз,-дейді Марат Лұқпанұлы.
Айта кетейік, Бақтыгүл Жүнісова Тасқала ауданында дүниеге келгенімен, балалық, жастық шағы Белесте өтті. 2005 жылдан бастап осында еңбек етіп келеді. 2008 жылдан Белес ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарып келеді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz