«Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өрле Қазақстан!» жастар ақпараттық-түсіндірме тобы Қаратөбе ауданында болып, алқалы жиын өткізді.
Жастар саясатын қолдау аясында облыста жастарға қатысты жүргізіліп жатырған жұмыстарды, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі, «Туған жер», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы» және тағыда басқа мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламаларды облыс жастарына түсіндіруді мақсат еткен ақпараттық түсіндірме тобының мүшелері аудан жастарымен кездесті.
Кездесуде жастардың мамандықтарына сай жұмысқа орналасуы, кәсіби білім алуы, мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй алу туралы, жастардың діни сауаттылығы төңірегінде әңгіме тарқатып,түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аудандық Мәдениет үйінің фойесінде өткен жиынға қатысушы қаратөбелік жастар кәсіп ашу мақсатында несие алу жолдары, бір кәсіпті бастап, екінші кәсіпке ауысу жағдайы, қайтарымсыз қаражат (грант) алу сынды бірқатар көкейтесті мәселерді қозғады.
Ақпараттық топ мүшелері «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиева, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы кооперациясы бөлімінің бас маманы Серікбол Аюпов, БҚО технологиялық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжанар Ғилманова, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңес беру бөлімінің кеңесшісі Аман Қабошев, Дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы маманы Абдрасул Абдрашит қаратөбелік жастардың тарапынан қойылған сауалдарға түсінік берсе, діни бағытта қойылған сауалға қаратөбелік теолог Әмірбек Жәнібеков жауап берді.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz