17.08.2017, 9:11
Оқылды: 40

Ақжайық ауданында сегізінші модельді кітапхана жұмысын бастады

DSC_0314Ақжайық ауданында 7 модельді кітапхана болса, бұлардың қатарына осындай, яғни сегізінші – Тайпақ ауылындағы рухани орда қосылды. Тайпақтықтардың қуанышын аудан әкімі Әділ Жоламанов бөлісті.


– Шежіресі бай бұл кітапханадан дәуір талабына сай ажарлы істер әрдайым көрінетініне сенемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ой-санамызды түлетуге меңзегені мәлім. Демек, кітапханашылар қалың жұрттың арасынан табылып, әлеуметті рухани қазынамызбен жүздестірудің тың амалдарын табатыны сөзсіз. Бұл үшін мүмкіндік бары анық.

DSC_0341Иә, биыл құрылысшылардың құрыш қолымен жан-жақты жасандырылған Мәдениет үйіндегі кітапхана көз сүйіндіріп, көңіл қуантады. Сөрелердегі алуан басылым, әдебиеттер жанар арбайды. Құнды қазына деген осы емес пе? Заманауи электрондық құралдар рухани игілікке қашықтықтан қолжетімділікті қамтамасыз етуі оқырман қатарын қалыңдатуға жағдай әкелері шүбәсіз,-деді аудан әкімі.

Осыдан соң жаңа мәртебеге ие болған кітапханадағы алғашқы шара – «Сағынғалидың сырлы әлемі» атты поэзия кеші өтті. Оған онлайн режімінде Сырым және Қаратөбедегі кітапханалар қосылды. Жайықтан түлеп ұшқан әйгілі ақынның бірі – Сағынғали Сейітовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл кеште ұл-қыздар оның жырларын тебірене оқыды, сөз зергерінің жылдар жүзінде аудан жұртымен жүздесулерінен естеліктер айтылды, әдебиет майданындағы аудармашы, сыншы, зерттеуші ретіндегі ауқымды еңбегінің өлшеусіз маңызы жайында баяндалды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген

Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале