6.09.2018, 18:38
Оқылды: 130

Ақжайықта аудандық «Асыл ана» атты көпбалалы аналар байқауы өтті

Ақжайықта аудандық «Асыл ана» атты көпбалалы аналар байқауы өтті

DSC_0012

            Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында көпбалалы аналар арасындағы аудандық «Асыл ана» атты байқауына ауылдардан 25 – 40 жас аралығындағы 13 ана қатысты.

            Отбасы күніне арналған бұл шараға қатысушылар сахнаға жан-жақты әзірліктерімен шыққаны бірден-ақ байқалды десек, артық айтқандық болмас. Байқаудың «Әйел – үйдің ырысы» кезеңінде будариндік Гүли Әбиева ән орындаудан дараланды. Айта кетейік, Гүли отағасы Нұрболат Сәндібековпен және балаларымен бірге 2013 жылғы «Мерейлі отбасы» Республикалық конкурсының жүлдегері. Сахнада одан кейін тайпақтық Жұлдыз Тасқынбаева домбыра тартудағы шеберлігімен көпшіліктің қошеметіне бөленді.

            «Ине-жіптен игілік иіремін» кезеңінде қолөнерден атап айтқанда, қабыршақтылық Самал Харесова, қарауылтөбелік Ақбота Жақсыбаева, ақсуаттық Айбал Тоқтарова көрпе-көпшік тігудің ісмерлері екені көрінді. Мергендік Зухра Иманғалиева мен сарытоғайлық Эльмира Мерғелиева тіккен тұмарлар да жұртты қызықтырды. Пластикалық дүниеден гүл жасаудан Гүлнәр Бекназарова мен кеудеше тігуден базартөбелік Қалима Бәкірова ерекшеленді.

            «Әсем киім – әйел көркі» кезеңінде заман талғамына сай ұлттық нақыштағы жұмыс киімі үлгілері бойынша қатысушылар дайындаған барлық киім үлгілері жоғары бағаланды. Сондай-ақ, «Өнер менің өмірімде» кезеңінде бесік жырын айтудан ақжолдық Алтынай Исақова мен жоғарыда айтылған Жұлдыз Тасқынбаева тамсантты. Шешендік сөздің мәйегін жеткізу, қазақтың салт-дәстүрлеріне, наным-сенімдеріне байланысты сұрақтарға мүдірместен жауап берді. Мәселен, қалжа беру, байғазы, ұйқыашар, т.б. қатысты сұрақтарға толыққанды жауап қайтарылды.

            Байқау қорытындысымен Тайпақ ауылынан келген Жұлдыз Тасқынбаеваға І орын беріліп, облыстық «Асыл ана» атты аналар байқауына жолдама алды. Барлық қатысушыларға диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.

Әли АСҚАР,

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале