27.07.2018, 14:24
Оқылды: 46

Ақжайықта қарызды қайтару қолға алынды

 

dengiАқжайық ауданында 2012 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша Ауылдар бойынша 82 несие серіктестігі құрылып (266 адам), бұлар 511 млн. теңге кепілсіз несие берілді.


 

Аталған несие алуға тілек білдіргендердің ішінен 218 адам мал өсіру бағыты бойынша 420.9 млн. теңге иеленсе, 48-і (90,1 млн. теңге) әртүрлі салада (наубайхана, жылыжай, такси орталығы, асхана, сұлулық және фотосалондар, тігін, ағаш өңдеу, автокөлік жөндеу, тоқыма және киіз үй жабдығын жасау цехтары, аяқ киім жөндеу шеберханасы, т.б.) еңбегін бастаған-ды.

Бүгінде берілген несиені қайтару өзекті мәселелердің бірі болып отыр. «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы арқылы берілген сол қаржыдан айталық, өткен жылдың мамырына дейін қайтарылуға тиісті қаражат 611,2 млн. теңге болса, соның 347,6 млн. теңгесі, яғни 57%-ы қайтарылды. Сөйтіп, сол аталған мерзімге 60 несие серіктестігінің жалпы бережағы 261,3 млн. теңгені құрады. Бережақты қайтару мерзімі бітуіне байланысты 47 несие серіктестігі сотқа берілген болатын.

2016 жылы Базаршолан, Көнеккеткен, Тайпақ ауылындағы кейбір несие серіктестіктері мүшелерінің жеке шаруашылығындағы малы тәркіленген болатын. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2,8 млн. теңге кері қайтарылды. Бұл әрине, басқаларға ой салғаны сөзсіз. Өткен жылдың маусым айында несиені қайтарудың мерзімі толығымен аяқталды. Осыған байланысты бережағы бар барлық серіктестік мүшелеріне келісімшартта көрсетілгендей, алынған ақшаны ерікті түрде қайтармаған жағдайда сот арқылы қайтарылатыны ескертілді. Сот орындаушылар, «Орал» ӘКК заңгерлері ауылдардағы несие серіктестіктері мүшелерімен кездесіп, құралған бережақтары туралы, соттың шешімі шыққаннан кейінгі фактілерді түсіндіру бағытында әлденеше рет іссапарда болды.

- Корпорацияның биылғы шілдеге дейінгі мәліметінше, 33 несие серіктестігінің бережағы 206,3 млн.теңге құраған болса, 22 шілдеге қарыз 202,9 млн.теңгені құрап отыр. Яғни 20 күн ішінде 2 несие серіктестігі қайтарылуы тиіс қаржаттың азғана бөлігін жапты. Тұтас алғанда, о бастан қайтарылуға тиісті барлық сомма пайызымен 599,7 млн. теңге болса, содан қайтарылғаны 396,8 млн. теңге (66%). Демек, қалған берешек несие соммасы  202,9 млн.теңгені құрап отыр. «Орал» корпорациясы өткен жылдың аяғында біздің аудан бойынша 196,5 млн.теңге қарызы бар несие серіктестіктерін  сотқа берген болатын. Бүгінде сот шешімі  “Оралдың” пайдасына шешіліп, олармен сот орындаушылар жұмыстануда, солардың жылжымайтын  мүлігіне, жеке шаруашылығындағы мал басына, зейнетақысына, еңбекақысына шектеу қойылды,- дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлімше басшысы Аслан Биғалиев.

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале