Бүгін Бөрлі жұртшылығы танымал қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Бөрлі ауданының Құрметті азаматы», бірнеше кітаптардың авторы Қуанышқали Ғұсмановты соңғы сапарға шығарып салды.
Қаралы жиынға аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев қатысып, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың көңіл айту жеделхатын жұртшылыққа таныстырды.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев жеделхатта Қуанышқали Ғабдошұлының облыстың журналистика саласына сүбелі үлес қосқанын атап өтті.
Ардагер журналистпен қоштасуға Сырым аудандық "Сырым елі", Қаратөбе аудандық "Қаратөбе өңірі" газеттерінің өкірлері де қатысты.
Марқұмның жаназасы оқылған ауласына ел толып кетті. Қаламы жүйрік, сөзі өткір тарихи тұлға аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» газетінің негізін қалаушылардың бірі болатын. Қаламымен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналист қай тақырыпты қаузап, жазса да айтар ойы халықпен үндес болды.
Аудан тарихына өлшеусіз үлес қосқан Қуанышқали Қабдошұлының азаматтық болмысын халық ұмытпақ емес.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы жолдас болсын!
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz