«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Бәйтерек ауданына қарасты Краснов және Рубежин ауылдық округтерінде жалғасын тапты.
Кәрі құтан қыс келіп ауа райы құбылмалы бола бастады. Бірде ашық болса, бірде көктайғақ, енді бірде борандата ұйытқитыны бар. Дей тұрғанмен, ауа райының қолайсыздығында аудан жастары жерлестерін жерде қалдырмақ емес.
Оған күні кешегі Краснов және Рубежин округі жастарының игі ісі анық дәлел.
Аталмыш акция аясында Краснов ауылының жастары еңбек ардагері Валентина Помысухинаға, рубежиндік жастар ауылдағы жалғызбасты ауыл ақсақалдары мен кейуаналарына қол ұшын созды. Егде жастағы адамдардың ауласын басқан қардан тазалап, күнделікті жүріп тұруға ыңғайлап жол ашты.
Жастардың игі ісіне ауыл үлкендері де разылығын білдіріп, ақ баталарын аямады.
Жақсылық жасаушылар акцияны әлі де жалғастырмақ. Себебі, жастар кішіпейілдіктің кішілік емес кісілік екенін анық түсінген.
Назерке Сыйлыбай,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz