Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова өңіріміздің мақтанышы, жас жұлдыз Айсезім Тілекқабыл мен жетекшісі Гүлназ Құсайнованы қабылдады.
Жуырда Македония астанасы Скопье қаласында халықаралық балалар және жасөспірімдер арасындағы халықаралық ән байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталған болатын.
Аталмыш ән байқауында 15-18 жас аралығындағы қатысушылар ішінен еліміздің намысын қорғаған теректілік Айсезім Тілекқабыл жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, мерейімізді асырды.
Жарыстан алған сезімдерін жетекшісі Гүлназ Құсайнова баяндап берді.
- Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл біздің халықаралық бірінші байқауымыз. Соған қарамастан шәкіртімнің алдына Ұлыбритания мемлекетінен келген әнші түссе, үздік үштікті Словениядан келген қатысушы жеңіп алды.
Байқауда Айсезім Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» орындап, ерекше қошеметке бөленді. Әлемнің мықты деген музыка мамандары теректілік әншіге жоғары баға беріп, Айсезімді Италияда өтетін тағы бір халықаралық деңгейдегі байқауға шақырды. Сондай-ақ әлемдік 12 қатысушыға «Әлемдік деңгейдегі әнші» номинациясы берілді. Сонын ішінде біздің Айсезім де бар, -деді.
Аудан басшысы Әлия Биғазықызы Айсезімге ақ жол тілеп, әкесі Айбек Дәулетқалиевке де алғысын білдірді.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz