Бүгін Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев кезекті есеп беру кездесуін Ұзынкөл, Күйгенкөл, Ақоба ауылдық округтерінде өткізіп қайтты. Әдеттегіше, күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қозғалып, атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар баяндалды.
Қазіргі таңда Ұзынкөл ауылдық округі бойынша ауыз толтырып айтарлықтай мәселелердің жоқтығы бүгінге дейін күн тәртібіне қойылған шаруалардың реттелгені айтылды. Өзге округтерде қозғалып жүрген кіреберіс жол, жарықтандыру, тротуар сынды мәселелердің барлығы шешіліп, қолданысқа берілгенін де айтып өтті.
Күйгенкөлдік жерлестердің де көкейінде жүрген ауыз су мәселесінің мемлекеттік сараптамаға енгенін, оның жауабы күтілуде екені жеткізілді. Орталық көшеге асфальт төсеу, тротуар салу мәселелері де сөз болып, дегенмен жол құрылысының биылға тоқтағаны, ал тротуар салу жоспарда бары айтылды.
Ақоба ауылында өткен кездесуде 23 шақырымдық кіре беріс жол мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін, ауданымызда жол құрылысына арналған зауыттардың жұмыс жасап тұрған уақытында бұл мәселелерді тездетіп шешуге тырысып жатқандарын айтты. Сонымен қатар ауылға 108 орындық мектептің биыл салыну керек болғанын, алайда мердігерлердің анықталмауына байланысты келесі жылға қалдырылғанын ескертті. Бірақ мектеп салуға қаржы бөлінгенін және ол міндетті түрде салынатынын айтты.
Сонымен қатар аудан әкімімен бірге ауылдық округтерді аралап шыққан атқарушы органның басшы-қосшылары да жеке қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың бірқатар талап-тілектеріне жауап берді. Атап өтер болсақ, жеке қабылдау барысында тұрғындар жұмысқа орналасу, баспана алу, жарық бағандарын орнату, такси бағасының қымбаттағанын айтты. Өз кезегінде тиісті бөлім басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Ақпараттың толық мәтінін "Шұғыла" газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Б.Серіков,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz