20.12.2022, 11:30
Оқылды: 69

Ауданның атын асқақтатқан азаматтар

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын қоғамдағы маңызды сала. Спорттың бұқаралық сипатын дамыту, жас өрендерді спортқа баулу – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Спорт, сонымен қатар, салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі. Кешегі Кеңес Одағында да Қажымұқандай одақ атын асқақтатқан қазақ спортшылары аз болмаған. Ел еңсесін тіктеп Егемендікке қол жеткізген сәттен бастап спорт саласын дамыту жолға қойылып, Қазақстан аты біраз байрақты бәсекеде көш басынан көрініп келеді. Киелі Казталов өңірі де спорт саласында талай қыранды түлетіп, елдің көк туын биікте желбірететін спорт саңлақтарын шығаруда. Солардың қатарында ауданымыздың атын асқақтатып, мәртебесін көтеріп жүрген спортшылары Айдын Елемесов пен Мейрам Гиляжов та бар.

Біз тілге тиек еткелі отырған қос спортшының бірі Айдын Елемесұлы Елемесов 1979 жылдың 19 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Казталов ауылында дүниеге келген. Жастайынан спортқа жаны жақын болып өскен ол орта мектепті бітіре сала еңбекке араласқан.

1

Айдын Елемесұлы алғаш рет еңбек жолын 1996-1998 жылдары аралығында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Таэквондо» спорт түрінен жаттықтырушы болып бастады. Кейін 1998-2000 жылы Жаркент қаласында шекара қатарында әскери борышын өтеген. 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап «Казталов аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» ауыр атлетика мен пауэрлифтинг спорт түрлерінен жаттықтырушы қызметі мен оқуды қатар алып жүрді.

2000-2003 жылдары Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжіне  түсіп, «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2012-2014 жылдары Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірді. Ол 2005 жылы отбасын құрды, күні бүгін жұбайы Анармен 4 баланы тәрбиелеп отырған өнегелі әке, бауырларының ақылшы ағасы.

Бүгінде аудан мерейін тек облыс, республикаға ғана емес, Азияға танытып жүрген бапкердің жеткен жетістіктері де аз емес. Батыс Қазақстан облысының додаларын былай қойғанда, Айдын өзінің табандылығының арқасында күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы, Азияның азулысы атанып үлгерді. 2019 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жатып сығымдаудан I орынды иеленіп, 2019 жылы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының чемпионатында классикалық жатып сығымдаудан тағы да жеңіс тұғырынан көрініп, екі мәрте республика чемпионы атанды. 2020 жылы  Шымкент қаласында пауэрлифтингтен жекелеген жаттығулар бойынша ерлер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар, жасөспірімдер мен ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының  чемпионатында I орынға, 2021 жылы Шымкент қаласында жатып сығымдаудан ерлер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар, жасөспірімдер мен ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында I орынды иеленіп, жерлестеріміздің қуанышын еселей түсті. 2021 жылы  Теміртау қаласында жатып сығымдаудан ерлер мен әйелдер, ұлдар мен қыздар, жасөспірімдер мен ардагерлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 5 - рет топ жарып, пауэрлифтинг бойынша елімізде өзіне теңдесі жоқ спортшы екенін дәлелдеді. Оған қоса, 2021 жылы Түркияда өткен Азия чемпионатында «Азия чемпионы» атағын қанжығасына байласа, биыл 2022 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында жүлделі 3 орынға ие болып өңіріміздің ғана емес қазақ спортының мақтанышына айналды.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халқымыз. Спорт мен еңбекті жанына серік қылған Айдын Елемесұлы - өз ісіне адал берілген кәсіби маман, шәкірт жүрегіне жол тауып, оның таланты мен әлеуетін аша білетін білікті ұстаз. Ол баптаған шәкірттер республика чемпионаттарында жүлдегер атанып, намысты қолдан берген емес. 2007, 2009 жылдары пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының чемпионатында Айдын Елемесұлының оқушылары 1 күміс, 4 қола медальді еншіледі. 1 оқушысы спорт шебері атанса, 1-еуі спорт шеберіне үміткер. Айдын Елемесұлы 22 жыл қызметінде 200-ден астам шәкіртті спортқа баулыпты. Мықты спортшы әрдайым лидерлік, жауынгерлік санаға ие. Айдын табысты спортшы ретінде өз шәкірттерін  шынайы мақсат қоюға тәрбиелей отырып, қоғам мен өз айналасын өзін-өзі ынталандыру мен тәртіпке үйретеді. Айдын Елемесұлы спорттың биік белестерін бағындырумен қатар адамгершілік шыңынан түскен емес. Әріптестері оның өте қарапайым болмысын үнемі тілге тиек етеді.

Оның қоғам алдындағы еңбектері елеусіз қалған емес. 2021 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.2020 жылы Батыс Қазақстан облысы спорт басқармасының, облыс әкімінің 2010, 2014, 2019,2021 жылдары аудан әкімдерінің алғысхаттарымен марапатталған.

Осынша жетістіктердің артында жылдар бойғы жаттығулар мен еселі еңбектің тұрғаны анық. Расымен, Айдын Елемесұлы өн бойына сабырлық пен төзімділікті жиған, аса еңбеққор тұлға. Оның уақытты басқару, өзін-өзі реттеу қабілеттері, көшбасшылық тәжірибесі - жаңа қоғам азаматына лайықты нағыз қасиеттер екені сөзсіз. Спортшының қарапайымдылығы оның мына бір пікірінен-ақ сезіледі. «Аудан спортының дамуы үшін спортшының еңбегімен қатар, түрлі дәрежедегі сайыстарға қатыса алу мүмкіндігі де болуы керек. Яғни, аудан спортшылары сайыстарға көптеп бару керек, оларға барлық жерге бара алатындай жағдай жасалғаны дұрыс. Менің осындай жетістіктерге жетуім ауылдағы ағайынның, жомарт жандардың арқасы десем болады. Мені танитын аудандағы шаруа қожалық жетекшілері, кәсіпкерлер, достарым мен жора жолдастарым әрбір жарысқа барғанда қолдау білдіріп келеді. Халықтан осындай қолдау болмаса менің түрлі дәрежедегі жарыстарға барып бақ сынауым мүмкін болмас еді. Күні кешегі Дубайдағы Азия чемпионатына баруым үшін де осы ауылдың атқамінер азаматтары, «Айбын» спорт клубындағы жігіттер көп көмектерін көрсетті. Сол үшінде барша ауылдастарыма, қолдау танытқан жандарға алғысымды айтамын» ,- дейді Айдын Елемесов.

2

Жас өрендерді салауатты өмір салтына, спортқа баулып, баптап жүрген жерлес спортшымыздың бірі – Мейрам Жасталапұлы Гиляжев. Ол 1989 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Казталов ауылында дүниеге келген. 1996-2007 жылдар аралығында А.Оразбаева атындағы мектепте білім алған Мейрам бала кезінен қазақ күресі, футбол тобы сияқты үйірмелерге қатысып спортқа бейімділігін байқатқан. 2007 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне «Топырақтану және агрохимия» мамандығына оқуға түсіп, студенттік шағында да 4 жыл еркін күреспен айналысқан. Жоғары оқу орындары арасындағы жарыстарда, облыстық жарыстарда бірнеше рет еркін күрестен жүлдегерлер қатарынан көрінген. 2012 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны аяқтаған соң 2014 жылы алғаш еңбек жолын Ақжайық ауданындағы балалар жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған. Кейіннен бір жыл өткен соң өз туған жері Казталов ауданының спорт мектебінен шақырту алып, қазіргі таңда біліктілігі жоғары санатты жаттықтырушы болып қызмет етіп келеді. Шәкірттерінің алды Орал қаласында олимпиада резервының мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде және бір шәкірті Алматы қаласында Шаңырақ республикалық колледжінде білім алуда. Ол тәрбиелеген оқушылардың ішінде 15 спортшы еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атанып отыр.

3

Тәжірибелі жаттықтырушы Мейрам Гиляжев өзінің спортқа келуі мен өз мамандығы жайлы былайша ойын өрбітті. «Спортты бала кезден жаныма серік еттім. Осы спортқа келуіме бірден бір себепкер болған ағам Дархан Әнуарбекұлын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде жеткен жетістіктерім мен шәкірт тәрбиелеудегі үздік тәжірибем осы кісінің арқасы деп білемін. Бүгінгі таңда шәкірттерім аудандық, облыстық, ресбубликалық және халықаралық спорт бәсекелерінде бақ сынап, топ жарып жүр. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші мен жетпеген жетістікті бағындырған оқушыларымның толағай табыстары төбемді көкке жеткізеді. Шәкірттерімнің алда талай жеңісті сәттерінің мол боларына сенемін».

Спорт – үлкен дода. Ол жерде маңдайдан тер де ағады, көзден жас та шығады, жүректен сөз де ағады, келбетіңізден қуаныш пен жеңілістің сөзге бергісіз сәттері де көрінеді. Бір елдің намысын қорғау, сол елдің туын биікке көтеру қандай спортшы болса да ол үшін үлкен әрі ұлы мәртебе. Әрбір соққы, әрбір қиындықты көре тұрып, туының биікке бірінші болып көтеріліп бара жатқанын сезінген сәт, жеңіске жеткен кездегі бір-ақ реттік келетін қуаныш – бәрі де спортшы үшін үлкен бақыт. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін спорт  саласындағы қосөзен елінің қос спортшысыда осал жандар емес. Табанды еңбегі мен қайтпас қайсарлықтарының арқасында биіктерді бағындырып, ауданның атын асқақтатып жүрген азаматтар. Ауыл абыройын көтеріп жүрген азаматтарға, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер деген ақжарма тілегіміз бен  алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале