15.06.2024, 18:00
Оқылды: 42

«Ауыл – атамекен пернесі»

Күні кеше осындай атаумен Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Бәйтерек ауданының көркемөнерпаздары концерттік кеш өткізді.

IMG-20240615-WA0035

"Қадыр - қазына" жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара шымылдығы «Серілер» квинтетінің орындауында, өңіріміздің әнұранына айналған  "Атамекен" әнімен ашылды. Содан соң үлгілі "Нұр-ай" ансамблі "Жайықтың еркелері", "Долина Аджарин", "Қызыл алқа" билерімен жиналғандарды тәнті етті. Концерттік бағдарлама Қадыр ақынға арналған соң оның сөзіне жазылған әндер де көрермен назарына ұсынылды.  "Нұр-Әділ" дуэтінің орындауында "Тамаша", Дилора Сағын "Тамды ару", «Достық-дружба» ансамблі "Өз елім", "Выйду на улицу", Мералы Әдиет "Бақыт туралы" өлеңдерін жанды дауыста орындады. Аудан өнерпаздары домбыра тартып, дәстүрлі әндерді де әуелетті. Мәселен, М.Жанболат "Жаңа пәтер", А.Қоныспайқызы "Қазақ осы", К.Болғанбаев "Дариға-ай" әндерін нақышына келтіріп орындады. "Шың" сазды-драма театрының актерлері театрландырған көрініс қойып, өлең оқыды. Кеш "Бәйтерегім" әнімен түйінделді.

IMG-20240615-WA0033

- Қадірлі оралдықтар! Бәйтеректік өнерпаздарының өнеріне шын тәнті болып, ду қол шапалақтап, қолпаштап отырғандарыңыз көріп риза болдық. "Қадыр - қазына" жобасын жақсы бастама, керемет үрдіс деп білеміз. Ән мен күйді ту қылған халқымыз сол арқылы перзенттерін тәрбиелегені белгілі. Бүгінгі біздің кешімізге ақсалды аталар мен ақжаулықты әжелердің немерелерімен келуі соның да бір дәлелі болса керек. Биыл ауданымызға 85 жыл толуда. Кешегі су тасқынына байланысты мерейтойды атап өтуді кейінге шегерілген еді. Енді біртіпдеп қолға алып жатқан жайымыз бар. Сол себепті алдағы күндерде осындай түрлі мерекелік кештерде кездесеміз деп ойлаймыз. Өнеріміз өрістей берсін,- деді кеш соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале