Жуырда редакцияға Казталов ауданы орталығындағы Ә.Жангелдин көшесінің тұрғыны Ерболат Ізімовтен хат келіп түсті. Ол өз хатында аудан орталығындағы О.Жұмасейітов және Ә.Жангелдин көшелері тұрғындарының жол мәселесінен қиындық көріп отырғанын алға тартқан. Хатты қорытып, мәселені барлап, мән-жайға қанықтық.
Жалпы, жылдың қай мезгілі болмасын, ауылішілік жолдар қыста қардан тазартылса, қалған уақытта арнайы техникамен қырылып, тегістелетұғын. Бұл жолы халық айтса, айтқандай-ақ. Оған атқамінерлердің де өкпелейтін жөні жоқ. Өйткені «тайға басқан таңбадай болған» ауылішілік жолдарда моторлы техника тұрмақ, жүректі адамның қозғалысы қиын. Жаңбырда лай кешкен тұрғындар аязда аяқ астына қарайлап жүрмесе, сүрінері хақ. Редакцияға хат жолдаған кейіпкеріміздің де сөзінің жаны бар. Ә. Жангелдин көшесіндегі №3 үйдің тұрғыны Ерболат Ізімов ағамызбен әлеуметтік желі арқылы сұхбаттастық. Ол кісі жолдың қырылмауы еңкейген кәрі мен оқушының жүрісіне кедергі болмаса игі деп алаңдайды.
– Биылғы күз жаңбырлы болғанын білесіздер. Сол жаңбырдан соң ауыл көшелерінің қара жабын төселмеген аймақтарында батпағы бетіне шығып, жүру қиындады. Жаңбырдан кейін, яғни қараша айының аяғында жер тобарси бастаған кезде көшелерді қыру керек еді. Бірақ ауылдық округ әкімдігі де, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де мәселеге бас ауыртқан жоқ. Мен Facebook әлеуметтік желісіне жолдардың фотосын салып, жазба жариялағаннан кейін әкімдіктен «Көше жолдарын қыруды қарастырып жатырмыз» деген «жөнелтер жауап» келді. Ол жауапты бергеніне де бір жұмаға жуықтады. Күндіз көз көрер, түнде жортқан жанның сүрініп, бір жерін мертіктірмесіне кім кепіл? – дейді ол.
Тұрғынның Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы «Казталов өңірі» тобында 30 қараша күні жарияланыпты. Жергілікті атқарушы билік те лезде жауап қатқан. Әлеужелідегі біз мысалға алған жазбаның пікірлер бөлімінде «Казталов Ауылдық Округі» парақшасынан төмендегідей жауап берілген:
«Орталықтағы көшелердің басым бөлігіне қатқыл табанды тас жолдары төселді. Қазіргі таңда 11 көшенің жобалық-сметалық құжаты дайын. Соның ішінде О. Жұмасейітов көшесі кірістірілген. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда асфальт жамылғысын төсеу жоспарымызда бар. Көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Ауылішілік жолдарға қызмет көрсету жергілікті әкімшіліктің құзыреттілігінде. Жолдарды қыру, тегістеу секілді жұмыстарды жүргізу үшін «Қуан Құрылыс» ЖШС-мен жылдың басында шарт жасалды. Жоспар бойынша алдағы күндерде топырақты жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізіледі».
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ауылішілік жолдарды күтіп ұстауға жауап бермейді. Рас. Сондықтан «көзге шыққан сүйелдей» болған мәселе төңірегіндегі заңды сауалды округ әкімі Ернар Бахтиярұлына жолдадық.
– Жолдарды күтіп ұстау үшін биыл тиісті мөлшерде қаражат бөлінді. «Қуан Құрылыс» ЖШС мердігер болып анықталып, үш жылға келісімшарт жасалды. Мердігер тарапынан ауылішілік жолдарды күтіп ұстау мақсатымен қырып, тегістеу, қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу үшін тиісті жұмыс атқарылып келеді. Жоғарыда атап өткен бөлінген қаржының көп бөлігі қыс мезгілінде ауылдың суға кету қаупінің алдын алу мақсатымен қар шығару жұмысына жұмсалды. Қаржы өз орнымен, уақытында игеріліп отыр. Ал жол мәселесіне келер болсақ, тегістелмеуіне басты себептің бірі – ауа райының қолайсыздығы. Бір апта бойы толассыз жаңбыр жауып, бір-ақ күнде күн суытты. Десек те мәселені жылы жауып қойып отырған жоқпыз. Алдағы уақытта асфальт төселмеген көше жолдары тегістелетін болады, – деді әкім.
Округте 53 көше болса, оның ішінде 25 көшеге толық, төрт көшеге жартылай асфальт төселсе, К.Имашев, П.Сейфуллин, Наурыз, Чапаев, Жеңістің 50 жылдығы, Т.Әубәкіров, Ә.Жангелдин, О.Жұмасейітов, М.Жүнісов, Д.Қонаев, Қ.Жақыпов, Ғ.Қараш, Т.Масин, Д.Нұрпейісова, С.Жақыпов, И. Тайманов, Х.Доспанова, Астана, Мәңгілік ел, Ә. Бөкейханов, Бейбарыс сұлтан, Қ.Жангереев көшелеріне қара жабын төселмеген. Шыны керек, жаңбырда лайды, қыста қарды кешіп жүру ересектерге де, оқушыларға да қиынға соғады. Сондықтан тым құрығанда жол тегістелсе дейді ғой халық. Жауапты мердігер де алдағы уақытта жұмыс басталатынын тілге тиек етті.
– Бұны байқап, біліп жүрміз. Дегенмен ауа райының қолайсыздығы мен дизель отынының тапшылығы жұмысқа тосқауыл болды. Өйткені баға бір орында тұрмайды. Ауа райына да кепілдік бере алмаймыз. Ал аудан орталығының жолдарын қайта қалпына келтіру жұмысын бастаймыз, – деді «Қуан Құрылыс» ЖШС директоры Данияр Маханбетов.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар халқымызда. Ерболат ағамыздың жазбасы жарияланғаны сол-ақ екен, ауыл халқының да пікірі желдей есті. «Депутаттар да келіп көріп, ұйқысынан оянсын!», «Біздің Дина Нұрпейісова көшесі де осындай жағдайда. Осы көшені де қырып, жөнге келтіріп беріңіздер. Асфальт та жоқ. Тротуар арман ғой», «Көше қыратын техника жоқ, оған бас ауыртып жатқан басшылар жоқ. Өздері тұратын көшелер асфальт, тротуар болғасын», «Сүрініп құласаң, басыңды жарасың», «С. Садықов көшесіндегі «Анашым» мейрамханасының арты да осындай жағдайда. Асфальт салмаса да, жолды қырып, тегістеуге болатын шығар. Ақша бөлініп жатыр, бірақ қайда кетіп жатыр?» деген жазбалардан көз сүрінеді.
Мәселе айқын. Сең қозғалды. Жауаптылармен де, көше тұрғындарымен де тілдестік. Кейбір көшелердің қазіргі ахуалын суреттер арқылы жеткіздік. Ауылішілік жолдар да тегістелер деген үміттеміз. Иә, жол тегістелер. Ал күтіп ұстау сіз бен бізге байланысты. Ақшаның игерілуі жөніндегі сауалға әкімдердің халықпен кездесуі немесе есеп беру жиындарында жауап алуға болады. Өйткені біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz