Жәнібек ауданы орталығынан шалғай жатқан ауылдағы ағайынның арман-тілегі көп. Су һәм жарық мәселесіне көңілі толмайтын олардың жай-күйін аудан әкімдігі бес саусақтай біліп, тоқсан сайын кездесулер өткізіп, шешілу жолында жұмыстанып келеді.
Жаңа тағайындалған аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов те бірден елмен жүздесіп, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, экономика және қаржы, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жер қатынастары, ветеринария салаларына қатысты бірқатар түйткілдер мен олардың ұсыныстарын, пікірлерін тыңдап өзіне түртіп алды. Өнеге, Көлтабан, Құрсай елді мекенінің тұрғындарын қабылдауда жеке бастың да жайы сөз болып, ауылға ортақ істер де ерекше сипатта өрбіді.
«Сонадайдан көз тартса, ауылымыз!»
Өнегеліктердің жанайқайы көшелердегі жарық пен жол жабыны туралы болды. Қаладан келе жатқан жұртшылықты мысалға алған ауыл тұрғыны К. Мәжитов ауылымыз самаладай жарқырап тұрса екен деген асыл арманын тілге тиек етті.
- Ауылымыз сонадайдан көз тартса, менмұнадалап шақырса, нұр үстіне нұр болар еді, - деді ол өз сөзінде.
Әсіресе дәл қазіргі күз мезгілінде ми батпақ болатын көшелердің сиқына ашынған тұрғындар жол жабынын төсеуді бірауыздан құптай кетті. Жүздесуге келген қауым адамның емес, малдың жағдайына да үңілді. Өнегелік Н. Харесов сөзін малдың жайылымға шығу бағытына бағыттады. Сөйтіп, канал үстіне өткел салудың кезек күттірмейтін жұмыс екенін алға тартты.
«Ауылда мейірбике жоқ...»
Құдай бетін аулақ қылсын, дегенмен, Құрсайдың құрдымға әкелер мәселесі осы ма деп топшыладық ішімізден. Мемлекеттің басты байлығы адам. Ал ол байлыққа толыққанды жағдай жасалуы керек. Жақсы, бұл сөзіміз «пафосқа» немесе «жаттанды сөзге» толы дерсіз. Тым болмағанда қаймағы бұзылмаған ауылдағы жандар уақытылы дәрігерге қаралып, денсаулығына мән беріп тұрғанын қалаймыз. Бірақ Құрсайда дәрігер түгіл мейірбике жоқ. Тұмаудың белең алатын уақытында қарапайым цефазолин егетін маманның жоқтығы құрсайлықтарды уайымға салады. Ауыл тұрғыны О. Мақсотова:
- Медициналық пунктте мейірбике жоқ. Сол үшін Күйгенкөлге баруға мәжбүрміз,- дейді.
Ауылда мұнан өзге де түйткілдерге дабыл қағушылар жетерлік. Белайн желісінің өте әлсіз деңгейі, тез арада кіреберіс жолды күрделі жөндеуден өткізу, полиция инспекторының жоқтығы, тозығы жеткен трансформаторлар... Барлығы тұрғындардың ашуына тиеді. Рас, аталған мәселелердің барлығы бірден шешімін таппауы мүмкін. Тым болмаса, құрсайлықтардың қуанышына қарай мейірбике табылса екен дейміз.
«Жырық бөгет қашан тереңдетіледі?»
Көлтабандағы өзекті түйткілдер де тура көлдей. Мұнда да ескірген трансформаторлар елдің титығына тиеді. Кіреберіс жолдың күрделі жөндеуден өткенін қалайтын тұрғындар жапа-тармағай сұрақтарын жаудырды. Ауылдан екі шақырым жердегі «Жырық бөгет» аталып кеткен бөгет қашан тереңдетіледі деген сауалдарын саулатып, ел игілігіне ортақ оралымдарға оралды.
Үміт үгітілмесін, сенім селдіремесін!
Обалы не керек, кездесулер өтудей-ақ өтіп жүр. Кеше тағайындалып, бүгін қарапайым тұрғындарға сәлем бере барып, мәселелеріне құлақ асқан аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бауыржанұлының алған бағытына сәттілік тілейміз. Тек тұрғындар базынасы сол күйде қалмаса, қайырымын өзі көрері сөзсіз. Ауылдағы ағайын оның жоспарына қуанды. Ал енді үміт үгітілмесін, сенім селдіремесін!
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz