Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округіне қарасты «Ақжайық» шипажайы ауылы маңына 2400 түп тал-терек отырғызылды. Аталмыш игі шара басында Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев өзі жүрді.
Ауданымызға қарасты «Ақжайық» шипажайына алыс-жақыннан демалушылар көп келеді. Сол себепті шипажай маңы да әсем келбет алып, жан-жағы қонақтарға сая болатын тал-теректермен ажарлана түсуі тиіс. Осы бағытта 3,5 га жерге қараған, емен және сүмбіл теректер отырғызылды. Тал егу жұмыстарына ауыл тұрғындарынан бөлек, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенттері, Теректі колледжі ұжымы мен оқушылары, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.
- Ауданымызда «Менің аулам-менің бағым» жобасы ерекше қарқынмен жүзеге асуда. Теректіліктердің де тал егуге деген ықыласы білінеді. Ауданымыздың атауы да «Теректі» деп тұрғасын, осы әдемі атауға лайық болуымыз керек деп есептеймін. Бүгін «Ақжайық» шипажайы маңына жастар легі көп жиналды. Бұл көңіл қуантады. Осы шара еңбектің қадірін ұқтырып, туған жерге деген махаббатты оятады. Отырғызылған тал-теректерді күтіп-баптау аса маңызды. Сондықтан жергілікті тұрғындар да осындай игілікті іске үлес қосады деп сенемін,- деді аудан әкімі Тілек Александрұлы.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz