Биыл алғаш рет ұйымдастырылған "Nur Otan" партиясының партияішілік іріктеу праймеризіне партия мүшелері белсенді қатысуда.
Бүгін Переметный ауылындағы №30 дауыс беру учаскесіне келген аудан әкімі, партияның Бәйтерек филиалының төрағасы Марат Тоқжанов, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, әкім орынбасарлары мен мәслихат депутаттары, партия ардагерлері мен белсенді жастар дауыс берді.
Есеп комиссиясының мәліметі бойынша, қазірдің өзінде партия мүшелерінің 94 пайыздан астамы өз таңдауын жасаған.
- Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда алғаш рет өткізілген онлайн дауыс беру бірінші қазан күні басталды. Ал бүгін ауданымыз бойынша 17 дауыс беру учаскесі ашылды. Олар таңғы 08:00-ден 14:00-ге дейін жұмыс жасайтын болады. Дауыс берудің аяқталу мерзімі өзгертіліп, ертеңге ұзартылды. Сайлаушылар белсенділігі жақсы, - дейді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев.
Сондай-ақ дауыс беру рәсімінде партия ардагері Николай Анцепрович пен праймериз қатысушысы Ұлданай Сейтқалиева пікір білдірді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы