Осындай атаумен Бәйтерек аудандық "Шың" сазды-драма театрында кітапханашылар күніне орай қорытынды кеш ұйымдастырылды. Театр фоэсінде кітап көрмесі мен кітапханашылар өмірінің жарқын жетістіктеріне құрылған фотогалерея жасақталды.
Тағылымды шараның шымылдығы 2023 жылғы мерейгер кітаптар мен "Бір ел – бір кітап" акциясы аясында жыл бойы ел болып оқылған туындылардан дайындалған шығармалар шеруімен ашылды. Жиналған жұртшылыққа экраннан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жылдық жұмысы таныстырылды.
ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен 24 қазан "Кітапханашылар күні" болып жарияланғалы ауданда алғаш рет аталып өтіп жатқан мейрамның мән-маңызына, алдағы бірқатар жоспарларға тоқталған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев баршаны атаулы күнмен құттықтады.
"Қазіргі күні Бәйтерек ауданы әкімдігі тарапынан жыл сайын қаржы бөлініп, кітап қорын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. "Қазақстан халқына" қорынан биыл жыл соңына дейін 6 кітапханада коворкинг орталық ашу жоспарлануда. Заманауи стильде жабдықталған бұл орталық жастарды кітап оқуға тартып, рухани ортаға айналады деген сенімдеміз. Жастарымыз ғаламтордағы ақпараттармен шектелмей, көркем әдебиетпен сусындап жетілуі керек. Қай дәуірде болмасын, кітапханашы мамандығының орны бөлек. Байқасаңыздар, бұл салада көп ер азаматтарды кездестіре бермейсіз. Өйткені, төзім, шыдам, үздіксіз оқу мен ізденімпаздық көбінесе нәзік әйел затының бойынан табылатын ізгі қасиет. Мереке құтты болсын!" - деді Ерлан Ерсайынұлы.
Кеш барысында залда алдыңғы қатарға жайғасқан сала ардагерлеріне гүл шоқтары табысталып, үздік қызметкерлер мен тұрақты оқырмандар марапатталды. Атаулы күн аясында Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының бөлім жетекшісі Әлия Жұмақаева мен Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева әріптестік лебізін арнап, алда да бірлескен жұмыс жарқын жетістіктерге жеткізуге тілектестіктерін білдірді. Кітапхана өркениеттің ордасы ғана емес, мәдениет пен өнердің ошағы екенін айшықтаған талантты кітапханашылар сахна төрінен ән сәлемін де төгілтті.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz