Аудан әкімі Марат Тоқжановтың бәйтеректіктермен есептік кездесуі басталды. Енді бұрынғыдай жылына төрт рет емес, екі мәрте болатын кездесудің алғашқысы Шалғай ауылдық округінде өтті.
Жиын барысында аталмыш ауылдық округтің әкімі Гүлзада Бөлекова былтыр және биылғы төрт ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы округта электр желілерін ауыстыру мен тартуға мән берілген. Соның нәтижесінде Шалғай ауылында 3,3 млн. теңгеге 7 шақырымнан астам электр желілері ауыстырылып, көше шамдарын қойылды. Ал Таловая елді мекеніне ұзындығы 22 шақырым болатын электр желісі тартылды. Округ орталығындағы төрт көше асфальтталып, Переметный-Шалғай күре жолының 5,6 шақырымын құрайтын кіре берісі жөнделіп, аудан орталығымен арадағы жол толықтай жаңа кейіпке енді. Шалғайдан аз қамтылған және тұрғын үй кезегінде тұрғандарға арнап екі пәтерлі үш тұрғын үй бойкөтерді. Тыңдала ауылында ауыз суды тазартуға арналған блок модульді кешен салынып, пайдалануға берілді.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Бәйтеректің биылғы төрт ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Марат Лұқпанұлы атап өткендей, биылғы аудан бюджеті 12,2 млрд теңгені құрады. 2021 жылдан бері донор аудандардының қатарына кіретін Бәйтерек осы кезең аралығында облыс бюджетіне 6,5 млрд теңгеге жуық қаржы құйған.
Агроөнеркәсіптік кешені – аудан экономикасын тұрақтандыру және сауықтыру жолындағы негізгі бағыттың бірі ретінде айқындалған. Сол себепті бірінші кезекте астық өндірісін дамыту, ет және сүт өнімдерін шығару мен өңдеу, жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру, көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асыл тұқымды мал сатып алу, кооперативтер құруға жіті назар аударылып отыр.
-Бәйтерек жасыл белдеу мен сүт белдеуін қатар дамытуға күш салып келеді. Биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 265,1 мың гектарды құрайды. Оның негізін жаздық (113,3 мың га), күздік (58,9 мың га), майлы (50,6 мың га), мал азықтық (40,4 мың га) дақылдар құрайды. Сүт белдеуіне тоқталар болсақ, ауданда 43 асыл тұқымды шаруашылық болса, солардың бесеуі сүтті бағытта. Биылғы төрт айда өндірілген сүт – 6812,1 тоннна мөлшерінде (102%). Ауданда сүт сатып алу-сату бойынша 4 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс істеуде. Мәселен, "Батыс сүт" АШӨК тұрғындардан сүт қабылдауды жүзеге асырады және май, ірімшік, чечел өндіреді. 9 ауылдан 6 тоннаға дейін (жазда 8-9 тонна) сүт қабылдайды. "Зеленов сүт" кооперативі Зеленый ауылы тұрғындарынан сүт қабылдауды жүзеге асырады. "Аманат-2022" кооперативі Макаров ауылдық округі тұрғындарынан сүт қабылдайды, күніне 930 литрге жуық сүт алады. "Колесово" АШӨК Көшім ауылдық округінен сүт және сүт өнімдерін қабылдайды. Бұл бағыттағы жұмыстырды біз одан әрі дамытатын боламыз, - деді Марат Лұқпанұлы.

Кездесу барысында шалғайлықтар шекаралық ауылдарды дамыту бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ауыл тазалығына, қоғамдық тәртіпке қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы