18.04.2024, 10:50
Оқылды: 65

Балаңыз не көретінін білесіз бе?

Осы сұрақ қазіргі таңда кімді болмасын ойландыратыны анық. Бала тәрбиесіне әуелі ата-ана жауапты ғой. Сол себепті балаңыздың қандай ойын ойнайтыны, не көретіні әр ата-ананы уайымдатуы тиіс.

Close Up Of A Line Of High School Students Using Mobile Phones

Фото: www.istockphoto.com

Қазіргі уақытта бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін қолдарынан телефон түспейтіні бәрімізге белгілі. Бірақ та 1-2 жасар баланың телефонмен ойнауы артық қой. Бүгінгі күні балалар 6-7 айлығынан бастап телефонды шұқылап жүреді. Жыламасын деп ата-ана да әуен немесе әлеуметтік желідегі мультфильмді қосып береді. Кейбірі тұра сала телефонға жармасады. Содан таңнан кешке дейін әйтеуір қолдары босамайды. Баланың қандай ойын ойнайтыны, не көретіні алаңдататын ата-ана мүлдем жоқ демейміз, баршылық. Дегенмен, өзімен-өзі ойнап отыр ғой деген сөзді осы уақытқа дейін де біраз адамнан естідік. Яғни, оларға бастысы бала тыныш болса болды.

Балалардың көретіндерінің бірі – мультфильм. Қазіргі кезде мультфильмнің әр түрлі жанры бар. Не қараймын деп қиналмайды, қайта баланы қайсысын қараймын деп ойландырып тастайды. Теледидардан да, ғаламтор желісі арқылы да неше түрлісін табасыз. Көбінесе балалар телефон арқылы көретінін бәріміз де күнделікті өмірде көріп жүрміз. Ата-ана өзінікіне жармаспас үшін, бесіктен белі шықпаған балаға арнайы телефон немесе планшет алып беріп жататынына да қазір еш таңғалмаймыз. Жасыратыны жоқ бұл ойындар мен мультфильмдердің баланы санауға, түстерді ажыратуға және тағы басқа көптеген нәрсені үйрететінін мойындаймыз. Қазіргі балалар шет елдік мультфильмдерді жақсы көреді. Себебі олардың сапасы да жоғары, әрі қызықты оқиғасымен, әр түрлі түсімен баланы тартады.

Елімізде танымал мультфильмдердің бірі – «Маша мен аю». Бұны білмейтін бала мен ата-ана жоқ шығар. 2009 жылы жарық көрген бұл мультсериал әлі күнге дейін көрсетіліп жүр. Бұл кішкентай баланың да, үлкен кісінің де көңілінен шығады. Дегенмен сериалдың желісі бойынша Маша тентек қыз екені бәрімізге белгілі. Оның істеген қылықтарын кейбір балалардың қайталайтыны да жасырын емес. Себебі бала көргенін қайталайды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін ата-ана әрдайым баласының не қарап жүргендігіне көңіл аударуы керек.

- Менің 3 балам бар. Үшеуі де әлі кішкентай. Балаларым кішкентай кездерінен мультфильм көргенді жақсы көреді. Тіпті үйдің іші жақсы көретін мультфильм кейіпкерлерінің ойыншықтарымен лық толы. Дегенмен, жаңадан шықса алуға тура келеді. Кейде балаларымыздың не қарайтынына қызығып, олармен бірге қарайтын кездеріміз де болып тұрады. Бір жағынан тексеру болса, екінші жағынан баламен бірге уақыт өткізесің. Біз әкелерімен бірге қаламыздағы кинотеатрға апарып, жаңадан шығып жатқан мультфильмдерді көрсетіп тұрамыз. Десе де, балаларға ғаламтор желісінен қараған ыңғайлы. Онда неше түрлісі бар ғой. Таңдау да баршылық. Бірақ көбінесе қарайтындары шетелдің мультфильмдері. Қазақша тек «Балапан» телеарнасынан қарайды. Оның өзінде анда-санда ғана. Өздеріне ұнайтын мультфильмдерінің уақытын жаттап алған. Уақыт болғанда бірден қосады да, кейін қайтадан телефоннан қарайды. Телефон ұстайтын уақыттарын да шектеуге тырысамыз. Дегенмен, кейде бала болғасын көңілін қимай беріп қоясың. Елімізде де осындай баланы қызықтыратын туындылардың көп болғанын қалаймыз, - дейді жас ана Мейрамгүл Арманқызы.

Жасөспірім балалар қарайтын киноның жағдайы да көңіл толатындай емес. Қазіргі балалар сол үшін де көп кинотеатрға бармайды. Өздеріне ұнайтындарын әлеуметтік желілерден тауып алады. Дегенмен, қаламыздағы кинотеатрларда балаларға арналған кино, мультфильмдер баршылық. Мысалы, «Отважный Бим и пернатые колокольчики» 6 жастан, «Фея и белый кит» пен «Охотники за привидениями: Леденящий ужас» 12 жастан, «Годзилла и Конг: Новая империя» 13 жастан, ал «Оттегі» 14 жастан бастап балаларға көрсетіледі. Сонымен қатар жақында прокаты біткен «Еркебай» отбасылық комедиясы да 12 жастан бастап көруге рұқсат етілген. Бұл кино басталғалы адамдардың қарасы көп болды. Кейбіреулердің билет жоқ деп жүргендерін де естідік. Бұл комедия шетелдік «Один дома» киносының желісінде түсірілгені бәрімізге белгілі. Сонысымен де көпшілікті баурап алды. Әрі әртіс бала да көрерменді өзіне тарта білді.

Киноға бару қазіргі уақытта отбасылық демалыстың бір түрі. Осылай уақыт өткізу балаға да, ересек адамға да қызықты. Бір жағынан ата-ана баласын қандай кино немесе мультфильмнің қызықтыратынын біледі.

- Менің балам 12 жаста. Кейде баламызбен кинотеатрға барғымыз келеді. Бірақ қарайтын кино таба алмайтын кездеріміз де болып тұрады. Бір жағынан бала мен біздің талғамымыз сәйкес келмейді. Бір киноны көру арқылы талқылайтын ортақ тақырып табылады. Жасөспірім болғасын ата-ана ретінде көп көңіл бөліп, уақытты бірге өткізуге тырысамыз. Бірақ та қазіргі балалардың қарайтын киноларын біздер түсінбейміз ғой. Олардың қарайтындары атыс-шабыс, фантастика ғой. Елімізде балалар киносы әлі де төмен деңгейде деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы сала дамып, ата-аналарға балаларымен бірге қарайтын кинолар көбейсе екен. Бір жағынан тәрбиелік мәні де зор болса. Жақында баламызбен бірге «Еркебай» комедиясына бардық. Бір жағынан жеңіл, ал екінші жағынан ата-ананың балаға шамадан тыс көңіл бөлуі де қозғалған. Бәрімізге де ұнады, - дейді қала тұрғыны Гүлжан Бекмағамбетова.

2023 жылы қаламызда кино түсірілгені туралы мақала жазған болатынбыз. Балалар киносы күзде түсірілгенімен, көрерменге желтоқсан айында көрсетілді. Бұл киноны Шымкенттік «Мейрам» киностудиясы арнайы қаламызға бірнеше рет келіп, оқушыларды түсірген болатын. Кейіпкерлер де арнайы кастингтен өткен ауданымыздың мектеп оқушылары. Киностудияның ютуб парақшасындағы барлық кино балаларға арналған. Киностудияның туындылары қазіргі уақытта отбасындағы, мектептегі және күнделікті өмірде кездесетін оқиғалардың желісі арқылы түсірілген. Кинотеатрға да осы студияның туындылары ұнайтын, балалар да көп жиналды.

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» демекші, жас ұрпақты тәрбиелеп, дұрыс жолға салу мақсатында балалардың сапалы мультфильмдер мен кинотуындыларды көріп, содан керекті дүниелерін алып, болашақта мақтан тұтарлық азамат болуы түпкі мақсат емес пе?

Айдана Абдрахманова, 

Бөрлі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале