8.09.2021, 9:43
Оқылды: 52

«Білгенімізді бөлісеміз»

Отбасылық өмірге бірге қадам басқан теректілік Саяхат Жомартұлы мен Арайлым Файзуллақызы бір-бірін студенттік бал шақта тапқан жас жұбайлар. Екеуі де дәрігер.

 5

- Мен Шағатай ауылында дүниеге келдім. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басар уақытта қобалжулар болды. Мамандық таңдау мен жар таңдаудан қателік жіберген адам өмірде қиналады дейді ғой. Ал менің жолым болды. Екеуінен де қателеспеген сыңайлымын. Ата-анамның қолдауымен бала шақтан арман болған  дәрігерлікке оқыдым. Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы медицина университетіне білім алып жүрген кезімде Арайлымды  кездестірдім. Біраз уақыт кездесіп, жақынырақ таныстық. Бір-бірімізге сенімді болып, 2020 жылы ата-анамыздың ақ батасымен отау құрдық. Жолдасым Арайлым Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы.

Мен жұмыс жасауды Ақсуат дәрігерлік амбулаториясында бастадым. Қазір Жаңаөмір дәрігерлік амбулаториясында қызмет етемін. Арайлым Подстепный дәрігерлік амбулаториясында жұмыс жасайды.

«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» демекші, отбасылық өмірде қиындықтар кездесіп жатады. Біз кез-келген мәселеде бірлесе отырып, шешім қабылдаймыз. Бір-біріміздің кем-кетік тұстарымызды жауып отырамыз. Әсіресе, жұбайым екеуміздің бір салада жұмыс жасап жүргеніміз көп жағдайда пайдасын тигізіп жатады. Екеуміз де жас маман болғандықтан қызмет барысында көмек беріп, білгенімізбен бөлісеміз, қолдау білдіреміз.

«Отбасы – шағын мемлекет». Сол мемлекетімізді кеңейтіп,  алға қойған мақсаттарымызға жетуге күш саламыз. Ел алдында «ақ халатты абзал жан» атанып, көптің батасын алып жүріп өсіп-өнеміз. Отбасындағы сенім мен махаббат сақтап қалуға күш саламыз, - деді жас маман, жас отағасы Саяхат Жомартұлы.

P.S: Отбасынызды тек мереке күндері ғана емес, жылдың әрбір минутында, әрбір сағатында,  ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей жүріңіз!

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале