Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталмақ. Мектепке баратын уақыт жақындаған сайын баласына киім іздеген ата-аналардың қарасы көбейетіні әмбеге аян. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорт киімі, сөмке, аяқ киім, бір сөзбен айтқанда, бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін ешбір ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Десек те, қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі. Әсіресе, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың қалтасына қиын соғатыны рас. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде қолға алынған «Мектепке жол» акциясы биыл да балаларға қуаныш сыйламақ.
Сурет сайт архивінен / zhaikpress.kz
Осы орайда Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев тікелей эфирге шыққан еді.
– Тамыздың 1-i мен қыркүйектiң 30-ы аралығын қамтитын жобаның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу екенін айта кеткен жөн. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес былтырғы оқу жылында 1800-дей оқушыға әлеуметтік көмек көрсетілді. Биыл жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім және тағы да басқа керек-жарақтарды сатып алуға 184 млн теңге қаражат қарастырылды. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалып, білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылды. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ананың көмек сұрауына болады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады, - дейді Мирас Махмудұлы.
Бұл хақында жалпақ жұртшылықты құлақтандыру мақсатында әлеуметтік желілерде хабарландырулар жарияланған.
Айта кетейік, жалпыға бірдей білім беру қорынан биыл да мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың перзенттеріне, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың ұл-қыздарына, өзге отбасылардағы тәрбиеленетін жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардың балаларына, білім беру ұйымының алқалы басқару құрылымы (органы) айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жәрдем беріледі.
Теректі аудандық білім беру бөлімінің ақпаратына жүгінсек, биыл 2 000-ға жуық теректілік балаға әлеуметтік көмек көрсетілмек. Былтыр әр балаға 40 567 теңге төленсе, биыл 43 407 теңгеден беріледі. «Берсең, балаға бер» демекші, алдағы уақытта да балдырғандарға мейірім сыйлайтын игі жобалардың қатары көбейе берсе, құба-құп.
Жалпы, жыл сайын тамыз айының алғашқы күнінен басталатын акцияға өңірдегі демеушілер мен кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген көмек-қолдаулардың үлесі зор. «Бала — болашағымыз» деп ұрандатып, жиі айтамыз. Сол болашақтың алаңсыз ер жетіп, еліне еңбек етуі үшін жағдай жасап, үлгі болуымыз қажет-ақ.
– Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына оқу құралдарын, киім-кешек алып беруге және оқу жылы барысында ыстық тамақпен қамтуға қаржы бөлінеді. Алайда, бұл көпбалалы және аз қамтылған отбасының қажеттілігін толықтыра алмайды. Сол себепті, ауданымыздың кәсіпкерлерін, жеке тұлғалар және барлық ізгі жүректі адамдарды балаларды мектепке дайындауға көмек қолын созып, іс-шараға бір кісідей атсалысуға шақырамыз, — деген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев толық ақпарат алу үшін 8 (777) 633 07 77, 8 (71132) 23 0 54 телефонына хабарласуға болатынын құлағдар етті.
Қайырымдылық – адам жанының нұры. Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. Ендеше, қанымызда бар асыл қасиетімізді тағы да дәлелдеп, «Мектепке жол» акциясына қатысайық!
Көптеген жанұяның мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге сеп болып отырған «Мектепке жол» акциясының игілігін көріп жүрген жандар жетерлік екен. Солардың бірі — Подстепный ауылының тұрғыны Тұрақты Серікбаева.
— Бүгінгі таңда бала оқытып, оны мектепке даярлау — ата-аналар алдындағы күрделі мәселелердің бірі. Көпшілікті толғандырар осынау түйінді мәселені жеңілдету мақсатында соңғы жылдары республика көлемінде «Мектепке жол» акциясының бастау алғандығы белгілі. Аталмыш акцияның берері мол.Өйткені, оның жақсылығын біз де көріп жүрміз. Подстепный № 1 жалпы орта білім беретін мектебінде 4 сынып оқитын жиеніме тұрақты түрде көмек беріледі. Қысылтаяң уақытта шәкірт үшін бар күш-жігерін сарп етіп, аянбай еңбек етіп жатқан мамандарға ерекше алғыс білдіремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, демеушілік танытқан кәсіпкерлерге, жәрдемдескен басқа да жандарға аналық ризашылығым зор, - дейді ауыл тұрғыны.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің».
Расында да әр оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акциясының өткізілуі — игі іс. Бұл хақында Госплемстанция жалпы білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогі
Жамал Сағынова былай дейді:
– Жаңа оқу жылына кез келген оқушы су жаңа мектеп формасымен, әдемі сөмкесімен, оқу құралымен барғысы келетіні сөзсіз. Ал, оны орындауға барлық отбасының әлеуметтік жағдайы көтере бермейді. Сондықтан да, жыл сайын дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық республикалық акция өтеді. Біздің мектептің оқушыларына да көмек беруге ауыл кәсіпкерлері, тұрғындары, түлектері атсалысып жүр. Айталық, «Ringo milk» ЖШС әркез жәрдемін аянып қалған емес. Сондай-ақ, біреуі спорттық киім, оқу-құралдарын алып берсе, кейбіреулері қаржылай береді. Талай отбасыға демеу болған акция жалғасын таба берсін, - дейді Жамал Есенжанқызы.
Сонымен бірге көпшілікті жақсылық жасауға түгелдей жұмылып, қайырымдылық акциясына үлес қосып, одан шет қалмауға шақырды.
Самал Жәмет
Теректі ауданы