Бүгін Сырым ауданында басталған «Достығымыз жарасқан!» атты Сырым және Қаратөбе ауданы жастарының ашық аспан астындағы форумы аясында өңірімізде тұңғыш рет қой союдан жарыс өтті. Жарысқа қатысушы жігіттер қойды бауыздау, терісін сыпыру және жіліктеу жағынан шеберлік байқасса, қыздар өз арасында қойдың ішек-қарынын тазалаудан тәжірибелік сағат ұйымдастырды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп жатқан жастар форумында қос ауданның қоғамдық қызметте белсенді, өз салаларындағы үздік жастары бас қосуда. Олар форум жұмысы аясында қоғамдық сананы ұлттық тәрбиенің негізінде қалыптастыру жөнінде пікір алмаспақ. Форумның секциялық отырысына спикер ретінде белгілі журналист, азаматтық қоғамның өкілі Қанат Әуесбай қатысады деп күтілуде.
Айта кетейік, форум Сарой ауылдық округінің аумағындағы Бұлдырты өзенінің жағасынан тігілген этноауылда, Сырым және Қаратөбе ауданы әкімдіктерінің қолдауымен, екі ауданның жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары және «Сырым жастары», «Мұхит жастары» жастар қоғамдық бірлестіктерінің бірлесе ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Форум жұмысы екі күнге белгіленген. Бағдарлама әрі қарай садақ ату, аударыспақ сияқты ұлттық ойындармен, ел азаматтарымен болатын кездесулермен жалғасады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
zhaikpress.kz