27.07.2018, 15:30
Оқылды: 65

БҚО Кәсіподақтар орталығы мен Тасқала әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды

Taskala kasipodakКәсіподақтар күніне орай облыстағы салалық кәсіподақтар ұйымдарының қатысуымен Тасқала ауданы әкімдігінде арнайы шара ұйымдастырылды. Оның өтуіне облыстық кәсіподақтар орталығы мұрындық болды.


Аудан әкімі Алдияр Халелов төрағалық еткен жиын барысында кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру мәселелері қарастырылды. Басқосуға салалық кәсіподақ ұйымдарының, аудандық мекемелер мен дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері, шаруашылық басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

 Басқосуда «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салықов атқарылып жатқан және болашақта жоспарланған жұмыстар жайында кеңінен әңгімеледі. Оның баяндауынша, 110 жылдан астам тарихы бар кәсіподақтар федерациясы жұмысының негізгі бағыты - кәсіподақтарды ірілендіру, біріктіру және құрылымын жаңғырту.

-Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының құрамын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 74 562 құрайды. Сонымен қатар бүгінгі таңда облыс көлемінде 969 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыстануда. Облыс көлеміндегі кейбір мекеме мен ұйымдар, соның ішінде облыстағы құрылыс, қайта өңдеу, кәсіпкерлік салаларындағы мекемелер кәсіподақ ұйымдарын құруға құлықты емес. Сондықтан бұл кәсіпорын-мекемелерде кәсіподақ ұйымдарын ашу жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары әлі де жалғасады,- деді Ербол Салықов.

Жиында облыстық еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Ерсайын Қыдыров «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы, «Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Тасқала ауданының кәсіподақ төрайымы Галина Проценко комитет жұмысы туралы баяндады. Жиында белгілі болғандай, соңғы екі жыл ішінде еңбек инспекторлары жұмысшылармен еңбек шартын жасамай, олардың қызметін өз қалауынша пайдаланып отырған 30-дан астам кәсіпкердің жүгенсіз әрекеттерін әшкереленген. Мұндай заңсыздық негізінен құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары және ауыл шаруашылығы салаларында анықталған.

Одан кейін Ербол Салықов кәсіподақ ұйымының белсенділері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Шүкіровке, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі М.Сәрсенбаеваға облыстық кәсіподақтар орталығының алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Жиын соңында облыстық кәсіподақтар орталығы және Тасқала аудандық әкімдігі арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кәсіподақтар күнінде «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрғасы А.Батырханов, «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Е.Салықов және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы міндетін атқарушы М.Құсайынов, «Құрылыс кешені және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Ғ.Сахиповтер өздеріне қарасты салалардың қызметкерлерімен кездесіп, кәсіподақ ұйымының жұмысын ширату, түйінді түйткілдерін шешу жайында әңгімелесті.

Сондай-ақ «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрайымы Айгүл Есекенова Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Ганмирлан Тұрғаналиевпен, мекеме қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында мекеме қызметкерлеріне қазіргі уақыттағы кәсіподақтың маңыздылығы түсіндіріліп, әдістемелік көмек-нұсқаулар берілді. Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 23 қызметкерінен тұратын бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

А.КЕРЕЕВА

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале