Бөкей ордасы ауданы орталығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ маусымының ашылу салтанаты өтті.
Ашық аспан астында ауданымыздың 90-ға жуық «Жасыл ел» сарбаздарын жинаған шара жасақтың аға сарбазы Саят Нұрлыбаевтің рапорт беру рәсімімен және мемлекеттік гимнмен басталды.
Өз кезегінде «Жасыл ел» сарбаздарына деген лебізімен аудан басшысы Нұрлыбек Даумов бөлісті.
-«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ маусымының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын.
Сіздердің атқаратын жұмыстарыңыз ортақ іске қосқан үлкен үлес болмақ. Осы орайда туған өлкемізді таза әрі әдемі етуге қосуға талпынған үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін.
"Мен жастарға сенемін" деп арқалы ақын Мағжан Жұмабаев айтпақшы шын мәнінде, мен де бүгінгі жастарға сенемін. Расында да, елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, туған жеріне жанашыр жастар керек. Еліміз қашан да болашағы жасампаз жастардың қолында.
Мемлекетіміздің кемел нығайтудағы еңбектеріңізге зор табыс тілеймін. Жаңа маусым құтты болсын, - деді аудан басшысы.
Жаңа маусым ашылуымен құттықтаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков қазіргі таңда жастар белсенділігі мемлекетіміздің дамуында маңызды рөл ойнайтынын айтып жеткізді.
Ал «Жасыл ел» сарбаздар қатарынан ауданымыздың жас белсендісі, республикалық және облыстық шаралардың жеңімпазы Аянат Жақсыбекқызы өз тілектерімен бөлісті.
- Мен алғаш рет «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқалы отырмын. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында жұмыс істеу - бұл жастарға еңбекке алғашқы тәжірибе алуға, көшбасшылық дағдылар мен командада жұмыс істеп, шыңдалуға мүмкіндік беретін орта. Сонымен қатар, жаңа достар таба аласың және де балалардың өзін-өзі бағалауы артады, өйткені еңбекпен тапқан ақшасын дұрыс жұмсауға үйренеді. Ең бастысы ауылдың тазалығын сақтап, экологиялық тәрбие алуға мүмкіндік береді.
Аудан жастарына осындай мүмкіндік туғызып, қолдап отырған аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлына жастардың атынан алғыс білдіремін. Себебі, сіз облыстық деңгейде жастар саясатын басқарып, жастардың проблемасын жіті білесіз. Ауданымызға әкім болып келген кезден бастап жастар саясатының дамуына өзіндік үлесіңізді қосып келесіз. Сондықтан да, мына жерде тұрған жасыл ел құрамының атынан «Жасыл ел» құрамының құрметті капитаны атағын беруге рұқсат етіңіз, - деген сөздерімен Аянат қарындасымыз аудан басшысына «Жасыл ел» құрамының күртешесін табыстады.
Өз мәресіне жеткен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ маусымының салтанаты жиыны жастарға арналған спорттық сайыста жалғасын тапты.
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы