Бөкей ордасы ауданы әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі Хан ордасында жалғасты. Басқосуда аудан әкімі биылғы жылдың өткен кезеңінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен бірге алда тұрған мақсат-міндеттері жөнінде тұрғындарға ақпарат беріп өтті.
Ашық диалог форматында өрбіген кездесуде ауыл тұрғындары өздерін мазалаған мәселелер бойынша толыққанды жауап алды. Мәселенки, аудандық мәслихат депутаты Жангелді Төлешов жаяу жүргінші жолағы керектігін, ауылдың маңдайына біткен жалғыз футбол алаңы жастарға тарлық ететінін айтса, тағы бір депутатымыз Асылболат Оңаев 21 шақырымның жөндеу жұмысы шабан жүріп жатқанын, асфальт төселген жолға кедергі жолағы қажеттігін, көшелерді жарықтандыруға қосымша бағандар керектігін айтты. Оңаев көтерген тағы бір мәселе фельдшерлік-амбулаториялық пункттің лас суға арналған сыйымдылығын жөндеу жөнінде болды.
21 шақырымның жөнделу барысы туралы ауыл ақсақалы Майдан Батыров та айтты.
- Шалғай жатқан аудандардың жол құрылысы ел президентінің басты назарында дейді. Бірақ бес жыл бұрын басталған жол құрылысына әлі күнге нүкте қойылмай тұр. Сонда президент пәрмені тиісті министрліктерге жүрмейді ме?- деп сөз алған ақсақалымыз округтің учаскелік полициясының көлігі сын көтермейтінін де аудан басшысының назарына ұсынды.
Азамат Елекенов пен Жалғас Ерболатовтар мал қамақ (раскол) керектігін, Асылхан Ғабдрахманов асфальт жолдарға тұрба қойылуы, арықтар қажеттігін ортаға салды.
Кездесу соңында аудан басшысы Нұрлыбек Даумов бастап, аудандық маслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудан прокуроры Жұмабай Ермеков және сала басшылары қостаған топ жеке қабылдау да өткізді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы