22.06.2022, 14:45
Оқылды: 141

Бөлімде  – басшы, алаңда – шабуылшы!

Артур Искаков мемлекеттік қызметте жүргеніне 11 жылдан асты. 2010 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдап, Жастар практикасымен Сырым аудандық құрылыс бөлімінде машықтанып, кейіннен жұмыспен қамту орталығында еңбек еткен.

АРТУР ИСКАКОВ

Алғаш рет 2013 жылы құрылыс бөлімінде Қуандық Жакиевтің жетекшілігінде еңбек жолын бастады.
Ол объектілерге зер салу, жобалармен жұмыс жасау, сметалық құжаттарды жасақтауды Қ.Жакиевтен үйренгенін мақтанышпен айтады.
Одан бөлек, кәсібилікті шыңдауда апасы, Жымпиты ауылдық округі әкімінің бас маманы Дидар Искакова болашақ құрылыс шеберіне мектеп жасынан-ақ бағыт-бағдар беріп, кейін еңбек жолын бастағанда берілген жұмысқа жоғары жауапкершілікпен қарауды, тыңғылықты орындауды, қарапайымдылықты бойына сіңірген.
-      Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөліміндегі жобалардың уақтылы атқарылуы жобаны дайындау кезінде осы елді мекеннің сумен жабдықтау көздерінің жеткіліксіздігі, инженерлік желілер мен құрылғылардың тозығы жеткендігі, аймақты жарықтандырудың газбен қамтудың жоқтығы, елді мекенге қажетті әлеуметтік нысанның жоқтығы немесе тозығы жеткендігі секілді мәселелер ескеріледі. Ал соңғы 1-2 жылда бөлім арқылы 21 жоба жүзеге асырылған. Оның 12-сі – 2020 жылы жүзеге асса, 9 жоба 2021 жылы жүргізілген. Бұл жобалардың барлығы да қажетті, маңызды жобалар. Атап айтсақ, Кеңащы жер асты су кен орнынан Жымпиты ауылына дейін су құбырының тартылуы. Сонымен бірге 2022 жылға аудан бойынша 11 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде 7 (Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық, Алғабас, Қарағанды, Көздіқара) елді мекенді ауыз сумен қамту,  Өлеңті ауылындағы 42 тұрғын үй алаңына су, электр және газ желісін тарту, Көздіқара және Жырақұдық ауылдарына спорт алаңын салу, Бұлдырты ауылындағы спорт зал ғимаратын салу және Алғабас ауылындағы клуб ғимаратын күрделі жөндеу сияқты жобаларымыз бар. Біздің міндеттеріміздің бірі осы жобаларды белгіленген мерзімге уақтылы және сапалы аяқтап шығу, - дейді Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Сүндетқалиұлы.
Иә, кез келген жобаның уақтылы жасалуы үшін маманға үлкен жауапкершілік, мұқияттылық аса қажет екені белгілі.
Күнделікті тіршілікте «жұмысбастылықтан» бас алмай, креслодан әрі аспайтын басшыларды кездестіреміз.
Алайда кейіпкеріміздің тек кәсіби маман ғана емес, әуесқой спортшылығын да айта кету керек. Ол - аудандық мемлекеттік қызметкерлерден құралған аудандық, облыстық футзалдардың жүлдегері «Айбын» футбол командасының сапындағы үздік ойыншылардың бірі.
Артур Искаковтың қарапайым адами болмысы мен айналасындағы әріптестеріне деген жанашырлығының өзі бір төбе.

Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале